Толеранттылық-бейбітшілікке апарар жол

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Ноября 2012 в 16:54, контрольная работа

Краткое описание

ХХ ғасырдың соңғы ширегінде техника мен технологияның қарқынды
дамуы қоғамның жаңаруына, экономикалық өсуіне арқау болып, әлемнің әл-ауқатын көтереді, әлеуметтік, дінаралық, ұлтаралық, мәдени қайшылықтардың алдын алады, оны түгел жоймағанымен, азайтады, өзара жарастық пен келісім орнайды деген үміт ұялатады. Алайда, іс жүзінде ол толық деңгейде ақтала қоймады. Жаһандану қордаланған қайшылықтардың шешімін түгел дәрежеде таппады.

Оглавление

І.Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім:
А) Толеранттылық-өзара сыйластық
В) Толеранттылықтың қырлары
С) Толеранттылық пен демократия диалектикасы.
ІІІ. Қорытынды

Файлы: 1 файл

толер баяндама.docx

— 44.13 Кб (Скачать)

Осындай пікірлерді жалғастыра беруге болар, дегенмен, басым көпшілік еліміздің ертеңіне сенімді. Ал сенім – үлкен күш.

Бүгін әлеуметтану ғылымы толеранттылықтың мынадай түрлерін атайды: 1. Келіспеушілік, бас тартушылық (несогласие); 2. Өздігінен, өз бетімен келісу (самосогласие); 3. Өзара келісім (взаимосогласие); 4. Бірауыздан келісу (единогласие); 5. Алауыздық, қайшылық (разногласие); 6. Өзімен өзі келіспеушілік (самонесогласие); 7. Өзара келіспеушілік (взаимонесогласие); 8. Қарсы келісім (противосогласие).

Осы келісімнің қай көрінісі де жеке адам мен қоғамдық санада орын алып отыр. Сондықтан келісім, толеранттылық әр уақытта да шартты, уақытша ұғым. Оған уақыт, заман талаптары өз ықпалын тигізеді. Келісім әр уақытта да келіспеушілікке, келіспеушілік келісімге ұласып, диалектикалық қарама-қарсылықтар тудырады. Азаматтардың жеке құқы қайшылық, алауыздық тудырмай тұрмайды. Оған біздің мемлекет, саяси қайраткерлер, қоғамдық ұйымдар және қатардағы азаматтар дайын ба деген сұрақ күнде алдымызға тартылады.

Толеранттылық сана қоғамның әр саласында орын алып отыр. Отбасылық мәселелер, гендерлік саясат пен ұлттық менталитет, қоғам алдындағы парыз бен салықтан жалтару, сайлауға барып дауыс беру не бермеу, ұлттық тәрбие және эротика мен порнографияны қолдау не қолдамау, ішімдік пен темекі тартуға әуестік туралы ойлар қоғамдық пікірде зор орын алады.

БАҚ пен қоғам арасындағы байланыс – толеранттылық қатынастардың  маңызды қыры. Себебі баспасөз бен  теледидар арқылы зорлық-зомбылықтың, жыныстық қатынастар мен ел халқының мінез-құлқына, салт-дәстүріне жат қылықтардың тарауы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл мәселеде толеранттылық ахуал, қоғамдық келісім жоқтығы байқалуда. Бірқатар мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдары өз халқына ақпараттық соғыс жариялап, елді рухани жағынан ыдыратып, тіпті денсаулығын да әлсіреткен мысалдары аз емес. Енді қоғамның рухани-адами ахуалына тікелей ықпал ететін салаға қоғамдық бақылаудың қажеттілігі туып отыр. Көпшілік цензураны жаңғыртпай, қоғамдық кеңес құрып, адамгершілік тұрғысынан сараптама жасау жолдарын іздеу, адамгершілік цензура қажеттілігі туралы пікірді ұсынады. Сонымен бірге, бірқатар азаматтар қоғамдық кеңес бәрібір ештеңе шешпейді, ұсыныстар кеңес деңгейінде қалып қояды, цензура қажет десе, үшінші біреулер БАҚ-қа ешқандай тыйым салмай, шексіз еркіндік беру керек дейді. Еуропа журналистерінің шексіз, жауапкершіліктен тыс еркіндігінің 1,5 млрд. мұсылман қауымының арына тигеніне бүгін біз куәміз. Қазір Қазақстанда да кейбір БАҚ иелері халық талабымен есептесуден гөрі, өз мүдделерін, табысын басымырақ ойлайды.

Осы және басқа да жағдайлар  елімізде бай адамдарға да толерантты оң көзқарас туғызбай отыр. Адал еңбегімен, іскерлігімен байлық жинағандарды сыйлаймыз, ал біздің байлар негізінен ұрлық, алдау, алаяқтық жолмен байығандар, бізде басқа жолмен баю мүмкін емес дейді бірқатар адамдар. Бірақ қазақстандықтар байлардың мүлкін тартып алуға, оларға жаза қолдануға шақырмайды. Ал Ресейде 90-шы жылдардағы жекешелендірудің салдары әлі өткір талқыланып жатыр, тіпті үш ресейліктің бірі оның қорытындысын қайта қарауды қалайды, тағы 33%-ы орынды болар деп қарсы болмайды. Жекешелендірудің пайдасынан зияны көп деушілер оны іске асырушылар сот алдында жауап беру керек дейді. Қазақстандықтар мен ресейліктердің толеранттылыққа деген көзқарастар деңгейінде, әсіресе басқа саяси ағымдарға, партияларға, жеке тұлғаларға, саяси оқиғаларға баға бергенде өзіндік ерекшеліктерінің барлығын көреміз. Қазақстан қоғамы келісімге, татулыққа, солар арқылы толеранттылыққа бейім. Жуырда Астанада болған сапарында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Карл де Гюхт “бүкіл әлемде өркениеттер қақтығысы деп аталатын құбылыс байқалып тұрғанда, Қазақстанда қазір орын алып отырған толеранттылық ахуалын” атап өтті.

Толеранттылықтың әлеуметтік ғылымда әр түрлі деңгейі барлығын айтқан жөн.

Біріншіден, инстинкт, сақтану түйсігі деңгейінде “әйтеуір елде тыныштық болсын” дейтіндерді көреміз.

Екіншіден, іштей келіспей, сырттай келісім ишаратын танытушылықты  жоққа шығаруға болмайды;

Үшіншіден, жалтақ келісім, ойланбай келісе салу, келісімпаздық  кездесіп жатады;

Төртіншіден, парасатты келісім бар.

Қазақстан – толеранттылы қоғам, жаппай наразылық білдіріп, қарсылық көрсетуге негіз жоқ деген пікір орынды, бірақ бұл жеке дара аумақтар, қалалар, ұжымдар мен әлеуметтік топтар арасында қарсылық акциялар, экстремистік әрекеттердің, саяси тұрақтылықтың шырқын бұзушылар болмайды дегенді білдірмейді. Көп жағдайда бұл ресми билік мақұлдаған қадамдардың бұқараның мақұлдауына, рухани-мәдени мәселелердің ел, ұлт мүддесімен үйлесім табуына байланысты болмақ. Ал үйлесім, жарасым табылмаған мемлекеттерде экстремистік көңіл-күй өршіп кетуі де мүмкін екенін басқа елдер мысалынан көріп отырмыз. Бұл тұста тек орталық билік емес, жергілікті биліктің беделі, оларға халықтың сенімі өте маңызды. 

 

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ПЕН  ДЕМОКРАТИЯ ДИАЛЕКТИКАСЫ

Деспотизмге, тоталитарлық жүйеге негізделген қоғамда таптық, сословиелік жік адамдарды бір-біріне қарсы қоюға, шеттетуге негізделді. Кейбір билеушілер халықтың еңбегін, елдің байлығын меншіктеп қана қоймай, елдің ақыл-парасатына да билік жүргізгісі келді. Оған да қанағаттанбай, шет елдердің жерін, байлығын, мәдени мұрасын жаулап, өз айтқанымен жүргізуге ұмтылды. Күні бүгін де демократияны бүркемелеп, бөтен елге өз идеясын, көзқарасын, өлшемдерін күшпен таңу саясаты орын алып отыр.

Бөтен ойды шеттету адамзат тарихында талай-талай билеушілерге тән болған. Себебі, олар басқаша ойлайтындарды мойындау өздерінің билігіне, беделіне шек қояды да, өздеріне тең, тіпті артық ақылдың, беделдің бар екенін білдіреді деп санаған. Сондықтан дербес пікірі бар қайраткерден, дарынды ойшылдан, ғалым, жазушы, ақыннан дарынсыз билік үнемі қорыққан, себебі ақын, ойшыл оның келеңсіз істерін әшкере етеді. Көптеген ұлылардың кезінде өз туған елінде лайықты бағасын ала алмауы да осыдан.

Еркін ойды қудалау, тура пікірді шеттету талай мемлекеттің түбіне жеткен. Тарихта билікке тоймаған патша, император қол астындағыларды күш-қайраты мол еркін азамат емес, айтқанын екі етпейтін роботқа айналдыруға тырысқан. Азаматтық, ұлттық сана бұл тұста көмескіленіп, халық топас бола бастайды. Пікірсайыстың, сөз бостандығының жоқтығы халықты рухани жағынан әлсіз ете береді. Ауру адамның соңғы демі таусылғанша емделуге тырысатыны сияқты, әлсіз ел билеуші де мемлекетті құлатпауға тырысатынын, бірақ түптің-түбінде ондай мемлекет күйрейтіндігін Кеңес Одағының тарихы мен ақыры көрсетті.

Өз халқын жек көретін  адам аз. Бірақ жабылып, өз елін, қандастарын, билікті тек мадақтай беру де отансүйгіштік өлшемі емес. Сондықтан Англияда үкіметтің билік пұрсатын теріс пайдаланушыларды сынауды патриотизм деп бағалайды. Бернард Шоу “Дені сау ұлт өз атын өзі шақырған көкектей кеуде қақпаса керек; дені сау адам өзінің ет пен сүйектен жаралғаны туралы ойлай бермейді ғой”, – депті.

Саяси мәдениеті жаңа қалыптасып келе жатқан біздің мемлекетімізде саяси толеранттылық орнығып болды деу қиын. “Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысының бұл  пікірін Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында “Сіздерді бірден өзара толеранттылық пен сындарлылыққа шақырғым келеді. Тек солай ғана – консенсус пен өзара түсіністік арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болады” деген тұжырымын нақтылай түседі. Демек, толеранттылықтың егіз сыңары ретінде сындарлылықты атаған жөн.

Біздің жас мемлекетіміз алғашқы күннен бастап, екі қауіптен сақтанды: бір жағынан, шексіз, авторитарлық биліктен, екінші жағынан, әлсіз, әлжуаз мемлекет болып қалудан. Осы екі пәленің алдын алып, аман келе жатырмыз. Оппозиция билік тармақтары тежемелік және тепе-теңдік қағидатына негізделе алмай келеді деп сынайды, атқарушы билікке басқа да айып тағып бағуда.

Біздің жас оппозицияның еркіндікті өзімшілдікке, тіпті еркіндіктің бой бермейтін үстемдігіне айналдырғысы келетіні байқалады. Либерализмді әлсіздік деп түсінеді. Президенттің Жолдауында “біз демократиялық дәстүрлерді дамытумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйесін қарастыруымыз керек” деген ойына оппозиция күдік туғызуға тырысты. Әрине, соңғы кезде оппозицияның белгілі өкілінің қайғылы қазаға ұшырауы алаңдаушылық туғызуда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің азаматтарға қиянат жасауы қанымызды қайнатады. Осы қылмысты істі заңнама талаптарына сай тергеп, ащы да болса шындыққа елдің көзін жеткізу – толерантты ахуалды орнықтыра түсудің жолы. Бірақ қуатты мемлекет демократияға қауіп төндіреді, әкімшілдік-әміршілдік жүйені  қайта жаңғыртады деуге негіз жоқ. Қылмысқа қарсы тұру, елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, оппозицияны да қорғау қуатты мемлекетті қажет етеді.

Толерантты ахуал қалыптасқан  елде билік пен оппозиция жиі  орын ауыстырып жатады. Үкіметті көп сынайтын парламент спикері премьер-министр болып, парламентпен келісе бермейтін премьер спикер болып жатады, сол сияқты министрлер депутат болып, депутаттар министр болуы да жиі кездеседі. Айналып келгенде елді екіге бөліп, “біз” бен “олар”, біреуі баррикаданың ар жағында, біреуі бер жағында деу қауіпті. Билік басындағылар ауысқанмен ақыр заман болмайды, ел қорғаусыз, жетім қалмайды. Ондай психология тек жеке басқа табынған елде ғана болады. Саяси реформалар бүгін парламент төрінде қай партия өкілдері көбірек депутат болып отыруында емес, ел халқының саяси, құқық санасын тәрбиелеуде, оның жауапкершілігін қалыптастыруда жатыр.

Толеранттылық сананың прагматикалық  қыры да бар. 1985 жылы Пекинде Тяньаньмэнь  алаңында қытай студенттерінің қаны судай ақты. Бұл оқиға көптеген елдерде, әсіресе АҚШ-та ашу-ыза туғызды. Бірақ Қытай басшылары демократия деген нақты тарихи ұғым, 1 млрд.300 млн халық толқыса, бүкіл жер жүзіне өзінің жағымсыз ықпалын тигізер еді, біз аз шығынмен жағдайды тұрақтандырдық, деді. Көрші елден бізге, Қазақстанға 20-30 млн. босқын келсе, бізді өздеріне тез сіңіріп алар еді де, біз ұлттық болмысымыздан айырылар едік. Америкалық саясаттанушы Роберт Даль: “Цена репрессий иногда бывает выше, чем цена свободы” деген екен. Осы мысалмен біз тіпті де репрессияны жақтайық деп отырған жоқпыз, шексіз еркіндіктің жоқтығын, толеранттылықтың жағдайға байланысты мәжбүрлік сипат алатындығын, бүлікке емес, бірлікке бейімділігін айтқымыз келеді.

Толеранттылық туралы ой қозғағанда біз дінаралық қатынастарды айтпай кете алмаймыз. Қазақ жерінде ислам және басқа да діндер кеңес заманында қудалауға ұшырады, мешіттер қиратылды, діни әдебиет өртенді. Дін қызметкерлері жаңа демократиялық заманға енді-енді бейімделуде, халықтың рухани талаптарын толық деңгейде қанағаттандыра алмай жүргені де белгілі. Бұл олардың кінәсі емес, өткен заманның оспадарлығы.

Жаһандану әлемді біртұтас қауымдастыққа айналдырып, “өзім” мен “өзгенің” мәнін өткір қойып отыр. Егер бұрын “бөтен” қол жетпес алыстағы жұмбақ, шет болып көрінсе, бүгін “бөтен” біздің өмірімізге басып енді. Соның бір көрінісі – шетелдік діни конфессиялардың елімізге ағылып келуі.

Шет ел діни конфессияларының ықпал жасау технологиясы бізге  таныс емес, біздің дәстүріміз, тарихымыз, тіпті заңдарымыз оларға жат. Олармен үйлесім табу бізге де қиын. Оларды жау деп қарау да дұрыс болмас, дос деп айтуға да асығыс.

Олардың қаржысы мол, нарықтық экономика жағдайына бейімделген, бұқараның психологиялық ерекшеліктерін меңгерген және өздерін жарнамалай да біледі. Сондықтан діни сауатсыз, атеистік идеологияның ығынан шығып болмаған біздің халықты діни секталар өз ықпалына түсіруде. Шындығын айтсақ, тәуелсіздікпен келген демократияның жемісін шетелдік діндер пайдаланып кетті. Олар үгіт-насихатқа өте бейімді, аңқау елдің отбасына, мәдениетіне жік салып жатыр. Барлық діни секталар мейірбан, шапағат әкеледі деуге келмейді. Тек ұлттың болмысымен, наным-сенімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен берік, тығыз байланысқан дін ғана өміршең. Ұлт діннен қуат алып, дін ұлттан қолдау тапқанда ғана дін ізгілік дарытады. Бүгінгі шетелдік діни бірлестіктердің басты мүддесі біздің жастарды кемелділікке емес, батыс құндылықтарын санаға сіңіру үшін қызмет жасап жатыр. Сондықтан дінаралық қатынастарда толеранттылықтың да, байсалдылықтың да шегі бар. “Менің дүние-мүлкіме қол сұққан адам қандай қылмыс жасаса, менің ар-намысыма, ұлтымның жан-дүниесіне, сеніміне, имандылығына ақшамен, жалған ақпаратпен қол сұғу сондай қылмыс” деген қағиданы барлық діндер ұстанады. Толеранттылық ұстанымының еліміздің ішкі-сыртқы саясатында осынша маңызға ие болу құпиясы оның көп ұлтты, көп конфессиялы елді шашау шығармай бірлікке келтіретін, тұрақты дамуға жетелейтін төтенше әлеуетіне қатысты. Қазақстан Республикасы унитарлы мемлекет болғанымен, егер ондағы әр азамат ортақ ауыз біршілікке келе алмаса, бір-бірінің этностық және діни көзқарастық өзгешелігіне жау көзбен қарап, өзара төзімсіздік танытса, билік алалау саясатын ұстанып, біреуді зор, біреуді қор көрсе, ұлы ғұлама Абай айтқандай бас-басына би болу өршісе, бірінің сөзін бірі түсінбесе және түсінгісі келмесе, онда мұндай елден жарқын болашақ күту мүшкіл. Дегенмен, бірлік өзгешелікті мойындауға құрылғанда ғана өнім береді. Өйткені, еш өзгешелігі жоқ тұтастай бірлік қалыптастыру утопия болмақ және ондай бірлікте жасампаздық та, белсенділік те болмайды. Қазіргі әлемде, әсіресе Қазақстан секілді түрлі этностар мен сенім жүйелері қатар өмір сүріп отырған елде әр этностың өзіндік ұлттық ерекшелігі, мәдениеті, салт-дәстүрі мойындалып, құрметтелгенде ғана ортақ мұрат үшін жұмылу орындалады. Өзгелерді құрметтемейтіндердің құрметтелуі қиын және тіл табысу, түсінісу, өзара жәрдем ету болмаған жерде ортақ іс те оңбайды. Бұл тұрғыда, бір-бірін өзгешелігімен, қабылдауды мазмұн еткен толеранттылықты еліміздің негізгі саяси ұстанымы ету үлкен саяси кемеңгерлік екенін бірден байқаймыз. Дегенмен, толеранттылық жалпақшешейлік емес, ол жөнсізге, бұра тартуға, үй ішінен үй тігуге, бетімен кетуге, білгенін істеуге жол беру тіпті де емес. Қателік сыналмаса өршиді, шоқ өшірілмесе өрт кетуі мүмкін. Әсіресе, кезіндегі діни саясатымыздың жұмсақтығы туғызған кейбір мәселелер бүгіндері зардап туғызып отырғанын ескеруге тиіспіз. Демек, толеранттылық орынды өзгешелікті құрметтей отырып, залалсыз басқаша талғамдарға төзімділік таныта отырып, ортақтыққа ұйысу және ортақ мұратқа жұмылу болғанда ғана дұрыс саяси ұстанымға айналады

Толеранттылық идея сырт көзге  қарайып көрінгенімен, шындығында, жай төзімділік қана емес. Ол өмір талабынан туып отыр, әр түрлі салдарға апарып соғады. Өзінен бөтенге, дербес пікірі бар, өзге тілде сөйлейтіндерге, бөтен дінге жататындарға, бөтен құндылықтарды мойындайтындарға деген ашу, ыза, төзімсіздік кектесушілікке айналады. Ол жеке адамнан бастап, ұлттарға, дінге, мемлекеттерге қауіп төндіреді. Демократия – ол тек еркіндік қана емес, ол ісің мен сөзіңе деген жауапкершілік, өзіңді өзің билей білу. Ойланбай айтылған сөз оқтан да қауіпті. Толеранттылық ой-пікіріміздің, наным-сеніміміздің шектілігін, әрқайсымыздың да қателесуімізге “құқымыздың” барлығын мойындатады. Татулықсыз, келісімсіз демократияның мүмкін еместігі секілді, демократиясыз, еркіндіксіз татулық мүмкін емес.

 

 

Қорытып айтқанда, мейлі адамаралық күнделік байланыста болсын, немесе мемлекеттік, тіпті әлемдік қауымдастықта болсын өзара түсінісу мен кеңшілік етуге, сабыр сақтауға құрылған толеранттылық ұстанымының маңызы айрықша. Ол демократиялық құқықтардың сақталуына кепілдік береді, араздықтардың алдын алады, адамдарды өмірді сүюге жетелейді, оқшауланудан, ауытқудан, кекшілдіктен, кемсітуден арылтады. Дегенмен толеранттылықтың адамгершілік қағидаттарына, елдің заң-тәртіптеріне, ұлттық мұратқа қайшы келмеуіне қол жеткізу қай-қашанда ескерілуге тиісті шешуші түйін есептеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР  

 

1.     Лекторский В.А. О толерантности, плюрализме и критицизме // Вопросы философии. - 1997. - №11.- С.46-54.

2.     Тишков В.А. Культуры мира - М.: Наука, 1993. - 314 с

3.     Тишков В.А. О толерантности / Толерантность и согласие. - М., 1997. -С.19.

4.     Гасанов З.Т. Формирование культуры межнационального общения в многонациональном регионе // Педагогика. - 1994. - №5. - С. 11-15.

5.     Сухомлинский В.А. Павлышская средняя школа: Обобщение опыта учебно-воспитательной работы в сельской средней школе – М., Просвещение, 1979. – С.393.La tolerance au risgue de 1 histoire. Lyon, Aleas, 1995.-242 r.

6.     Аристотель. Сочинения в 4-х т. - Т.4. - М.: АН СССР, 1983. – С.830.

7.     Марк Аврелии Антонион. Размышления Римского императора Марка Аврелия о том, что важно для самого себя.-Репр. Изд.-М., 1991.- С.64

8.     Локк Д. Басқу туралы екі трактат./ауд. Иманбаев М.Ө., ред.: Нұрышева Ғ.Ж., Ғабитов Г.Х. Зерде қоғамдық қоры; Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы. –Алматы.:Раритет,2004-Б.230.  

 


Информация о работе Толеранттылық-бейбітшілікке апарар жол