Ұлттық тәрбие

Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Октября 2012 в 18:18, реферат

Краткое описание

2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Жапон мемлекетінің ұсынысы бойынша 2005-2015 жылдары “Білімді тұрақты дамыту декадасы” болып жарияланды. Бұл декада адамзат алдындағы ғаламдық проблемаларды барлық елдердің білім жүйесін бір кеңістікте өзара үйлестіріп, қарқынды және тиімді дамыту арқылы шешу мақсаттарын белгіледі.

Файлы: 1 файл

Улттык тарбие.doc

— 106.00 Кб (Скачать)

ҚР БІЛІМ  ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ  ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

МАГИСТРАТУРА ЖӘНЕ РһD ДОКТОРАНТУРА ИНСТИТУТЫ

 

 

 

ҰЛТТЫҚ  ТӘРБИЕ

 

 

 

 

Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, 
Оны үйрете алмас ешбір мұғалім. 
                                                               

                                                                 Ж.Баласағұн. 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚР БІЛІМ  ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

МАГИСТРАТУРА  ЖӘНЕ РһD ДОКТОРАНТУРА ИНСТИТУТЫ

 

 

 

 

011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті  мамандығының

1 курс магистранты  Нұрғазиев Таңат Есенбайұлының

ПЕДАГОГИКА  ПӘНІ  БОЙЫНША ДАЙЫНДАҒАН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алматы, 2012

2005-12-14: 

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ

 

2002 жылы Біріккен  Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Жапон мемлекетінің ұсынысы бойынша 2005-2015 жылдары “Білімді тұрақты дамыту декадасы” болып жарияланды. Бұл декада адамзат алдындағы ғаламдық проблемаларды барлық елдердің білім жүйесін бір кеңістікте өзара үйлестіріп, қарқынды және тиімді дамыту арқылы шешу мақсаттарын белгіледі. Білімді тұрақты дамыту тұжырымдамасы осыған дейін ЮНЕСКО аясында 1990 жылы Джомтьенде (Тайланд) өткен білім жөніндегі әлемдік форумда және 2000 жылы Дакарда қабылданған, білім саласында алты түрлі басты мақсатты белгілеген “Баршаға білім беру” бағдарламаларымен, 2003 жылы БҰҰ қабылдаған “Сауатсыздықпен күрестің он жылдығы” бағдарламасымен астасып жатыр және соларды бір жүйеге біріктіретін басты бағдарлама.

Білімді тұрақты дамыту стратегиясын басшылыққа алған жоғары дамыған елдер, әсіресе Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Сингапур сияқты Азия елдері жаһандану үрдісін, ақпараттық-коммуникациялық революцияны, инновациялық технологиялардың ендірілуін басқа елдермен белсенді және тиімді экономикалық қарым-қатынас орната отырып жедел даму мүмкіндігі есебінде пайдаланса, екінші жағынан, өздерінің ұлттық рухани және экономикалық тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтаудың, ұлттық өркендеудің бірден-бір кепілі ретінде отандық білім саласын реформалауға аса үлкен мән беріп, оны мемлекеттің басым саясатына айналдырып отыр.

ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары осындай халықаралық бағдарламалар аясында білім жүйесін жетілдіру реформаларын жүзеге асырған кейбір елдердің тәжірибелерінен мысалдар келтірейік.

Қытай Халық Республикасында  бұрынғы социалистік білім жүйесін  қытайлық ерекшеліктерді ескере отырып жетілдіруге арналған “ХХІ ғасырдағы білімді көтерудің іс-жоспары” атты арнайы бағдарламаның жүзеге асырылуы білім жүйесін жаңа сапалық сатыға көтерді. Бұл елде мемлекет білім жүйесін өзінің қамқорлығына алған. Ақпараттық технологияның, бәсекеге негізделген нарықтық қатынастардың, жаһандану үрдісінің өрістеуін алдын ала болжаған Қытай елінде жаңа азаматты қалыптастыру мақсаты қойылып, білім беру парадигмасын технократтық көзқарастан гуманитарлық көзқарасқа ауыстыра отырып, ұлттық рухани құндылықтарға, Қытай ұлтының озық мәдени дәстүрлеріне, ізгілік пен рухани-адамгершілікке негізделген идеологиялық, патриоттық тәрбиеге басты мән беретін парадигмаға өту жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар бұл елде базалық білімді нығайту; білімді  қатаң регламенттендірілген, орталықтандырылған түрінен мазмұны мен әдістемесі вариативті, көп нұсқалы жүйеге ауыстыру; оқу жоспарының оқшаулығын, шашыраңқылығын азайтып, технология мен қоғам дамуының жаңа тенденцияларына үйлестіру; пәндік білімдерді интеграциялап, кешенділігін арттыру, оны практикалық іс-әрекетке, өмірлік тәжірибеге, шығармашылыққа бағыттау, ақпаратты, проблемаларды талдауға және өз бетінше шешуге қабілеттілік қалыптастыру мәселелері жүзеге асырылуда.

Экономикалық өркендеу мен  жаңа технологияларды игеруде ғажайып жетістіктерге жетіп отырған Жапония елінің білім жүйесінің дамуын зерделесек, оның басты ерекшелігі – ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруді әрқашанда басты орынға қоятындығы. Жер көлемі шағын, табиғи қазба байлықтары жоқ, мұхит арасындағы аралда орналасқан бұл елдің басты байлығы адам капиталы, өз елі мен жерін шынайы және шексіз қадірлейтін азаматы болып бағаланады. Сондықтан да осындай адамды қалыптастыратын білім жүйесін дамытуға үнемі басты маңыз беру нәтижесінде Жапония бұл саладағы әлемнің ең озық елі болып саналады. Күншығыс елі 12 жылдық орта білім жүйесіне бұдан жарты ғасыр бұрын көшкен, бес күндік оқу аптасы енгізіліп, балалардың мектепте өзін жақсы сезінуіне толық жағдай жасалған, балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету, білім жүйесін ақпараттандыру, жастарды жоғары біліммен қамту сияқты шешуші мәселелер бойынша да Жапония әлемдегі ең алдыңғы қатарда тұр.

Әлемнің ең қуатты елі Америка  Құрама Штаттарының білім мекемелерінде ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында прагматикалық көзқарасқа негізделген білім үлгісі енгізілген болатын. Нәтижесінде, “американдық прагматикалық педагогика”, “экземплярлық”, “кафетерилік” деп аталып кеткен білім жүйелері орнығып, бұл орта мектеп оқушыларының ой-өрісінің таяз, үстірт болып қалыптасуына әкеліп соқты. Осыған байланысты 1983 жылы АҚШ үкіметінің “Ұлтымыз қатерлі жағдайда, білім реформасы қажет” атты баяндамасы жарияланып, білім саласын қайта қарауға орасан зор қаржы бөлінді, “2000 жылдың мақсаттары” атты федеральдық бағдарлама және “Әлемдік деңгейдегі білім” жобасы қабылданып, орта білімнің жүйелілігі және интенсивтілігі арттырылып, математика, жаратылыстану сияқты іргелі білім түрлерін игеру бойынша әлемдегі сапалы биік деңгейге көтерілу міндеті қойылды.

Финляндиядағы білім жүйесін  сәтті және дер кезінде реформалау нәтижелері осы елдің экономикасының күрт өсуіне, технологияда, ғылыми зерттеулерде инновациялық пәрменді саясатты жүзеге асыруға, нәтижесінде соңғы он жылдың ішінде әлемнің ең озық өркениетті елдері қатарына қосылуына мүмкіндік берді. Бұл елдегі мұндай жетістіктерге ең алдымен білім саласын дамытуға бүкіл қоғамды жұмылдыру, мемлекеттік қаржыландыру, мұғалімдердің айлық жалақысын көтеру (біздің елдегіден 20-23 есе көп), оқушылар мен мен студенттерге стипендия тағайындау, оларға тұрғын үй үшін, тамақтануға, жол жүруге несиелер беру, оқушылардың денешынықтыруына, денсаулығына қамқорлық жасау, үй тапсырмасын азайту, салауатты өмір салтын қолдау, білім беруді ең соңғы ғылым мен технология жетістіктерімен кіріктіру, оқу процесін ірі технополистер аясында өткізу арқылы қол жеткізілді.

Бірақ, басты ескеретін қағиданың бірі — білім жүйесін жаңғыртуда табиғаты халқымыздың болмысына жат, шетелдік нұсқаларды эталон, үлгі есебінде қабылдамай, жаңа мектебіміздің басты философиялық тұғырнамасын ұлттық идеяға, ұлттық идеологияға, ұлттық табиғатымызға негіздеп, қазақстандық және жалпыадамзаттық мүдделерді басшылыққа алып, рухани-мәдени құндылықтарымызға басымдылық бере отырып қалыптастыру. Ұлтымыздың рухани жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың: “Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады” деген даналық өсиетінің мәні қазіргі жаһандану кезеңінде Қазақстан мемлекеті үшін орасан зор.

Еуропалық және Азиялық өркениеттің аралығында орналасқан Қазақстанның геосаяси орны, ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміздің кеңестік дәуір кезіндегі және қазіргі жай күйі, еліміздің полимәдениеттілік, көпконфессиялық сипаты халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығынан, рухани құндылықтарынан, ұлы педагогтеріміз бен ғұлама гуманистеріміздің философиялық ой толғауларынан, яғни тереңге бойлаған түп тамырларымыздан нәр алып, үнемі және үздіксіз қанығып отыратын шынайы, тәуелсіз ұлттық білім жүйесін құруды талап етеді.

Қазақ елінің болашағын айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне көтеретін бірден-бір құндылық, ол – жасөспірімдерді отаншылдық рухта тәрбиелеу. Ендеше, қазақстандық жаңа білім моделі осыдан бастау алып, жас ұрпақты білімді және сол білімді ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де, білікті етіп өсірумен қатар, оның адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын, халықтық қасиеттерін дұрыс және орнықты түрде қалыптастыру болмақ. Білімнің басты ұстанымы адамға білім беру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды “руханияттандыру”, “адамгершіліктендіру” болғаны аса маңызды. Қазір еліміздегі жасөспірімдер арасындағы тәрбие мәселесіне тікелей қатысты басты-басты ойлануға тұрарлық мына проблемаларды атап өтуге болады:

l прагматикалық құндылықтарға  негізделген батыстық өркениетке, батыстық мәдениет үлгілеріне (үлгіге келмейтіні қанша) талғамсыз еліктеу;

l идеологиялық, ақпараттық  экспансияның зардаптарын алдын ала ескермеу және оларға қарсы тұрудағы құлықсыздық пен шарасыздық;

l ұлттық идеяға негізделген  сындарлы идеологиямыздың болмауы, жастар арасында саяси-идеологиялық тәрбие жұмыстарының әлсіздігі;

l мектептің тәрбие жүйесінде  стратегиялық көзқарастың болмауы, оған тиісті көңіл бөлінбей, қосымша міндет деп қарау;

l тәрбие жүйесінің ғылыми-әдіснамалық, педагогикалық-психологиялық және рухани-әлеуметтік негіздерінің осалдығы;

l тәрбие мәселесіндегі  отбасының, социумның, қоғамның рөлінің төмендеуі;

l өзімізде барды бағаламай  өзгенің жасығына еліктеп-солықтау, т.б.

Осы және басқа да толып  жатқан қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың  нәтижесінде біз жасөспірімдер  мен жастардың тәрбие мәселесін көп жағдайларда ырқымыздан шығарып алғанымызды мойындауымыз керек. Сондықтан жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болшағына бағдарланған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлестірілген қазақстандық төл тәрбие тұжырымдамасын жасау және білім беру көлеңкесінде қалып қоймайтын, керісінше тәрбие мәселесін төрге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін басты мәселелерінің бірі деп есептеймін.

Білім беру саласын әлемдік  білім талаптарына сәйкестендірудің, білім сапасын жақсартудың басты шарттарының бірі білім жүйесін басқаруды жетілдіру болып есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық білім беруді басқару ең осал және қазіргі талаптарға ықпалдастырылмаған, жаңа енгізілімдерді қолдамайтын консервативті элемент есебінде қалып отыр. Жасыратыны жоқ, білімді басқару бұрынғы кеңестік, жоспарлы жүйе талаптарына сәйкес құрылған императивтік, авторитарлық, әміршілдік стильде, жоғарыдан жоспарлау және күштеп басқаруға негізделген формада. Сондықтан білім жүйесін сыртқы ортамен қарым-қатынаста өздігінше жетілуге қабілетті ашық жүйе деп қарастыра отырып, синергетикалық көзқарасқа негізделген, диалогтық-демократиялық басқаруға көшіру, оқушы тұлғасын толыққанды және басты субъект, басты құндылық есебінде қабылдап, дарыны мен табиғи қабілеттерінің, ішкі мүмкіндіктерінің ашылуына, педагогикалық-психологиялық қолайлы жағдай жасап, икемді басқару жүйесін ендіру қажет.Мұның өзі авторитарлық-бюрократиялық басқару стиліне қалыптасып қалған консерватор басшылардың орнына, менеджмент негіздері мен синергетикалық-диалогтық басқару стилін түсініп, оны жүзеге асыруға қабілетті рухани-интеллектуалдық, ғылыми-шығармашылық жоғары деңгейдегі, жаңа формациядағы басшылар толқынын білім кеңістігіне қабылдауды қажет етеді.

Қазақстандық білім жүйесінің  бір ерекшелігі — сегіз мыңнан аса мектептердің 76 пайызы ауылдық мектеп. Оның ішінде 65 пайызы шағын мектептер. Бірақ ауылдық мектептерден әзірге әлемдік білім кеңістігіндегі қазіргі талаптарға сай білім сапасын талап ету мүмкін емес. Ендеше, оларға басқаша бір жеңілдетілген көзқарас керек деген пікірді дұрыс емес деп есептеймін. Иә, ауылдық мектептердің тиісті дәрежеде материалдық-техникалық, оқыту-әдістемелік базасы жасалса, білікті педагог мамандармен жасақталса, ауыл балаларының алғырлығы, бейімділігі, сезімталдығы, еңбекқорлығы, білімге деген ынтасы, ең бастысы тәрбиесі мен адамгершілік болмысы қала мектептерімен салыстырғанда анағұрлым ұтымды жағдайда екені дәлелдеуді қажет етпесе керек. Балалардың жан-жақты дамуына, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасап, мұғалімдерді конкурстық негізде жасақтап отырған, тұрақты түрде жоғары жетістіктерге жетіп келе жатқан Қазақ-Түрік лицейлерінің республикалық және халықаралық олимпиадаларда математика, физика сияқты іргелі пәндерден оза шауып, ҰБТ қорытындыларында ең биік көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген оқушылары лицейлерге ауыл мектептерінен алынған балалар екені осының нақты дәлелі болса керек. Сондықтан қазақстандық білім кеңістігінде қазіргі басты міндеттердің бірі – ауыл мектептерін орынды-орынсыз кінәлай бермей, керісінше олардың болашағына сеніммен қарап, ашылмай жатқан мүмкіндіктерінің жүзеге асуына тиісті жағдай жасау, табиғи мөлдір бұлақтардың көзін ашу қажет. Ауыл мектептеріне жасалатын жағдай да, оқушыларына берілетін білім мазмұны мен оның құрылымы да әлемдік білімнің даму тенденцияларына сәйкес, ал оларға қойылатын талаптар әлемдік стандарттар деңгейлеріне пара-пар болуы тиісті.

12 жылдық орта мектеп  жүйесіне көшу тек білім мазмұнын  жетілдіру ғана емес, білім жүйесінің құрылымдық маңызды аспектілерін қайта қарауды талап етеді.

Бірінші мемлекеттік бағдарлама бойынша орта мектептің құрылымы бастауыш (1-4 сыныптар), негізгі мектеп (5-10 сыныптар), профильдік мектеп (11-12 сыныптар) болып белгіленген. 11-12 жасқа келгенде көзбен көргенін немесе естігенін сол қалпында қабылдауы теориялық, шығармашылық тұрғыдан ойлау түрлеріне және танымдық белсенді қызметіне, функционалдық қабілеттілігіне ауыса бастайтыны психо-физиологиялық зерттеулер нәтижелерінде дәлелденген. Осы тұрғыдан алғанда, балаларды бастауыш мектепке 7 жастан қабылдағанның өзінде олардың негізгі сатыға ауысу кезеңінде психологиялық қолайсыздыққа, ауытқуларға ұшырап, білім деңгейінің төмендеп кететіні түсінікті болады. Сондықтан да мектепке алты жасынан барған бала бастауыш мектепті 4 жылдан соң 9 жасында тәмамдап, негізгі мектеп жағдайына көшетін болса, барлық білімнің іргетасы болып есептелетін бастауыш білімнің тиянақтылығы мен сенімділігіне үлкен нұқсан келетінін болжау қиын емес. Білім саласы жоғары деңгейде дамыған Жапония, Корея, Сингапур, АҚШ сияқты елдерде бастауыш мектепті 6 жылға, ал Франция, Қытай елдерінде 5 жылға созылуы осы себепті болса керек. 6 жастан бастап қабылданған балаларды 4 жылдан соң негізгі мектепке көшіру жүйесі әлемдік тәжірибеде өте сирек құбылыс. Осының бәрін ескере келе бұл мәселеге қайта оралып, бастауыш мектеп ұзақтығын кем дегенде 5 жылға дейін ұзарту керек деп ойлаймын.

Екінші, қазіргі 11 жылдық орта мектеп аясындағы негізгі мектептің( 5-9 сыныптар) арнайы білім сатысы есебіндегі мәртебесі де, білім бағдарламасының түпкі мақсаттары да нақты анықталмаған. Сондықтан 9 сыныптан кейін өткізілетін емтихандарға, қорытындысында берілетін куәліктердің мәні мен мағынасына оқушылар да мұғалімдер де көбіне формальді қарайды. Осы жағдайды түзету үшін 12 жылдық жалпы орта мектептің 6-10 сыныптарындағы білім аяқталған базалық білім дәрежесінде есептеліп, түлектер келесі сатыға емтихан арқылы конкурстық негізде ғана қабылданатын болуы тиісті. Сол мемлекеттік сынақ көрсеткіштері бойынша белгіленген межедегі ұпайды жинаған түлектер ғана жоғары оқу орындарына дайындайтын профильдік гимназияларға қабылдануы тиіс, ал межеге жете алмағандар 11-12 сыныптарда жалпы білімін одан әрі жетілдіруі керек. Негізгі мектептен соң кәсіптік білім алуды мақсат еткен оқушылар таңдаған мамандықтары бойынша техникалық-кәсіптік лицейлерге оқуға түсуі керек.

Үшінші, жалпы  орта мектептің негізгі сатысы оқушыларға когнитивтік, іргелілік тұрғыдан әртүрлі білім негіздерін ұғындыруға бағытталып, ал профильдік сатысы белгілі бір кәсіптік бағдар бойынша тереңдетілген білім беру және сол білімдерін өмірде сауатты және пәрменді қолдана білуге үйрету, оқушылардың кең ауқымды компетенттігін, жобалау-зерттеу, конструкциялау, шығармашылық, өнертапқыштық қабілеттерін қалыптастыру міндеттерін атқаруы тиісті. Профильдік оқыту сатысы басым көпшілік елдерде үш жылға созылады (10-12 сыныптар). Еліміздің мемлекеттік бағдарламасында профильдік мектептің екі жыл болып белгіленуін және соңғы 12-ші жыл негізінен ЖОО-ға түсуге дайындыққа арналатынын ескергенде, 9 және 10-шы сыныптардағы білім беру сапалы профилалды дайындық жүргізу мақсаттарына лайықталуы тиісті болады.

Төртінші, оқу  пәндеріндегі теориялық материалдардың өмірмен, адамның практикалық іс-әрекеттерімен, қоршаған ортадағы табиғат құбылыстарымен байланысын арттырып, сол арқылы оқушыда Адам – Қоғам – Табиғат туралы біртұтас ғылыми дүниетаным қалыптастыру үшін мектепте оқытылатын пәндердің қазіргі шашыраңқылығын, үйлесімсіздігін жойып, олардың өзара интеграциялануын, үндестірілуін жүзеге асыру керек. Осы мақсатта “Жаратылыстану”, “Адамтану”, “Қоғамтану”, “Мәдениеттану”, т.б. үндестірілген (кіріктірілген) курстарды ендіруге болады. Бірақ, үндестірілген курстарды мектептің барлық сатыларында жаппай енгізетін болсақ, мұның оқушы білімінің іргелілігіне, тереңділігіне, орнықтылығына нұқсан келтіретінін ескеру керек. 11-12 сыныптарда профильдік емес пәндер бойынша, мысалы, жаратылыстану-математика бағытындағы сыныптарда гуманитарлық пәндерден, ал гуманитарлық профильде жаратылыстану пәндері бойынша үндестірілген пәндер ендіруге болады.

Бесінші, Я.Коменский  кезінен келе жатқан білім беру процесін ұйымдастыру мен басқарудың сыныптық-сабақтық формасы қайта қаралып, оның орнына білімнің демократиялық жаңа талаптарына, интерактивтік, шығармашылық тәсілдеріне сәйкес келетін, өзіндік дамуды жүзеге асыруға бағытталған инновациялық-модульдік, интегративтік-матрицалық, шоғырландырып қарқынды оқыту, синергетикалық-биоинформатикалық, т.б. оқу-тәрбие жүйелерінің үлгілері ендірілуі тиіс.

Алтыншы, білім  сапасын бағалау әдістері білім  жүйесін жетілдірудің ең пәрменді құралы есебінде анағұрлым жетілдірілуі тиіс. Жаңа бағалау жүйесі біріншіден, оқушылардың ынта-ықыласын, сапалы білімге ұмтылысын арттыруға, екіншіден, оқушы білімінің жүйелілігін, орнықтылығын, іс-әрекеттік мәнділігін, өмірлік қажеттіліктерге жарамдылығын; үшіншіден, оқушылардың шығармашылық-конструктивтік ойлау қабілеттерін, кәсіптік және ой еңбегін атқаруға, таныс емес жағдайларда проблемаларды шешуге бейімділігін; төртіншіден, танымдық, жалпы білімділік, талдау, салыстыру, жүйелеп қорыту, синтез жасау қабілеттерін бағалауға бағытталуы тиіс.

Жетінші, білім  сапасын тек тестілеу жолымен бағалау білімнің жаттамалы, репродуктивтік түрлерін ғана есепке алады. Оның үстіне қазіргі мектептердің ең басты көрсеткіші ҰБТ қорытындылары болғандықтан, бұл ереже тест тапсырылатын негізгі төрт пәнге ғана көңіл бөлініп, басқа пәндер бойынша білімнің стандарттары мен бағдарламаларының талаптарын бұзуға әкеп соғып отыр.

Сондықтан ЖОО-ға қабылдау кезінде тек төрт пәннен тест қорытындылары ғана емес, мектеп аттестатындағы басқа да пәндердің арифметикалық орташа балы конкурстық балға қосылғаны дұрыс. Сонымен қатар, бұл шешуші жалпы балл құрамында оқушының тек білімдік бағалары ғана емес, тұлғалық қасиеттері мен даму деңгейлерін, ерекше қабілеттерін көрсететін оқушы портфолиосының көрсеткіштері, яғни оқу-тәрбие процесі және одан тыс кезде қол жеткізген жетістіктері, педагогикалық-психологиялық, социологиялық зерттеулер мен оқушы социометриясының қорытындылары ескерілсе, бұл бала болашағын дұрыс анықтаудағы мектептің рөлі мен мәртебесін және бағалау жүйесінің объективтілігін, кешенділігін арттыра түсер еді.

 
 
Авторы: Әділхан  ДҮЙСЕБЕК,Ы.Алтынсарин атындағы Білім  академиясының вице-президенті.


 

 

Тұлға қалыптастырудың халықтық тәжірибесі

 

Халықтық педагогикалық көзқарастарын жұзеге асыру жұмысын мақсатқа сай қамтамасыз ету мен тәрбие дәстүрлерін бекіту, оларды нақгылау, толықтыру жөне жетілдіруге көмегін тигізген жеке сынақ әдісі ел арасына кеңінен мәлім болды. Жеке сынақ әдісі қандай да бір жаңа заңдылықтар ашудың емес, ой мен идеяны тексерудің сөтті төжірибеден туған құралы, немесе белгілі зандылықтарды нақтылаудың тәсілі қызметін атқарды, яғни бұл әдістің көмегімен халық педагогикасында бұрыннан белгілі сыни тұрғыда қайта қаралды. Ал әңгімелер халық педагогикасының дамуындагы ең кең тараған бастаулар болды. Тәрбиешілердің бір-бірімен әңгімелесулері, ата-анамен, ата-әжемен тәрбиеленушілердің өздерімен әңгімелер педагогикалық ойланулар үшін қашаңда саналуан және құнды материал берді және педагогикалық мәдениеттің биіктеуіне ықпал етті. Халық даналары әңгімелерді тәрбиенің озық төжірибесін таратуда, бақылаулары мен жеке сынақтарында жене басқа жағдайларда пайдалаңды, яғни өңгімелер халық педагогикасының дамуына ықпал еткен көмекші құрал қызметін атқарушы тәріздес.

Қалай болғаңда да әңгімелер жинақталған мәліметтерден құңдыны және пайдалыны екшеп алу, қажет емес немесе күмән тудыратыннан бас тартуға жәрдемдесті, яғни, жағымды педагогикалық мәліметтерді жинауға, осыған орай халықтың педагогикалық ойының дамуына ықпал жасады. Халыққа сөзбен әсер етудің сан түрлі тәсілдері белгілі, сезім мен санаға ықпал ету шараларының көптеген түрлері бар. Дәстүрлі бата-тілектер әсерлі ықпал етуді көздеді. Әрине шаралар қолдану мен сөзбен өсер етуде. халықгық педагогика сезімге ықпал жасау шарттарын естен шығармады. Балалар достарына, есейе келе өзіне, үлкен ағаларына, ата-аналарына, ауылдастарына ант берді. Балалар ортасындағы серттар сөзге, борышқа, достыққа берік болу міндеті сипатыңда болды. Халықгық пікір анттарға байыпты қарым-қатынасты ұдайы қолдап отырды. Балалар мен жастар ортасының аса тиімді құралдарының келесі бірі - ойындар. Халық педагогикасы олардың бала өсуі, дамуы мен қалыптасуы факторын көрді. Оның "Бала өсірген ата-ана бала болып ойнайды, Бала оқытқан ұстаздар бала болып ойлайды" деді осыдан.

Ойындар тек  жұбаныш пен уақыт өздыру, сауық-сайран мен балалар үшін қуаныш қана емес. Көптеген балалар ойындарының дене күштерін дамыту, көркемдікке және адамгершілікке баулуда маңызды  мәні бар. Мәселен, балалар ойындарын  этнографиялық және педагогакялық тұргыдан таддауға үмтылған Ә.Диваев талпынысы үлкен ғылыми қызығушылық туғызады. (А.А.Диваев. Игры киргизских детей. Туркестанские ведомости, Ташкент, 1905).

Әрбір жэне кез  келген халықтың педагогикалық мәдениетінде жетілген адам идеясын жүзеге асыруға бейімделген озіндік табыстары бар. Бұл табыстардың жекелеген кейбіреулері тек тұлғаның бірнемесе бірнеше жақтарына қатысты болса, ал өзгелері кемелденудің халықтық идеалын жан-жақты ашып көрсетеді. Халықтық тәрбиенің демократиялық мәні оның негізі идеяларының, формаларының, құралдарының және т.б. сабақтастығын қамтамасыз етеді. Олар өзінің дамушы табиғатына сай ұрпақтан ұрпаққа кеңейіп, байып және түрін өзгертіп ауысып отырады.

Халықтық тәрбие түрлері халықтың әлеуметтік өмірінің бүкіл өзге салаларымен, сенім-нанымдарымен дәстүрлерімен, салттары жөне әдет- ғұрыптарымен, шаруашылық кәсібі түрлерімен, қоғамдық тәртіп қалыптарымен ажырамас бірлікте алға шығады. Бұл қалыптар орнықты әлеуметтік қатынастар жиынтығымен бірге ең ақырыңда, қоғам мүшелерінің әдеттері мен тәртіптерін белгілейді, белгілі өмір тәжірибесі сондай-ақ ішкі мақсат пен дағдыланған әрекеттер тудырып, жеткіншек тұлғасының дамуы мен қалыптасуын жобалайды және бағыттайды. Төменде автор мақалаларымен және балалар мен жастар ойындары жайлы баяндалатын өзге де бірқатар шығармалардан мәліметтер берілген.

А.А.Диваев "Қазақ  балаларының ойындары" мақаласында  ер балалар мен қыздардың саз  балшықтан жануарлардың түрлі мүсіндерін жасау, қуыршақтарына киім тігу қабілеттері  көрсетіліп, "Соқыр теке", "Көк сиыр", "Бөрік жасырмақ" т.б. ойындардың мазмұнын ашады. Сондай-ақ "Қырғыз жастарының көне ойындары" мақаласыңда, тойда, айттарда ауыл жастарының ат жарыстары "Қыз қуу", "Көкпар", "Аударыспақ" т.б. ойындары жайында мағлүматтар береді. Әрине бұл ойындардың дене тәрбиесінде алатын орны өзгеше, әсіресе, спорт саласында. А.Диваев "Қырғыз балаларының ойыны" деген еңбегінде ойынның бала тәрбиесіндегі ролін айта келіп, жас өспірімдерді негізінен үш топқа бөледі:

1. Бір жастан  жетіге дейін - нәресте, жеті жастан он бес жасқа дейін бозбала, ал он бестен отызға дейін - жігіт. Осыған орай ойындарды да сәбилер ойыны, бозбалалар ойыны және жігітер ойыны деп негізінен үш топқа белген, Диваевтың ойынды үш топқа белгендегі ескергені біріншісі ежелгі қазақ ойындары; екіншісі қозғалмалы ойындар, үшіншісі спорт ойындары. Сондай-ақ А.Диваев мына мәселеге ерекше көңіл бөлген: "бұл жерде менің айтарым, егер қыз баланың қолдан жасайтын қуыршақгары мен ер балалардың өздерінің балшықтан жасап алатын жылқы мен түйе сияқгы жануарлар мүсіні болмаса, қазақтың балалар ойыншығы мүлде жок, ...Бірақ та антрапологиялық қөзқараспен қарайтын болсақ, олардың осы ұсқынсыз ойыншықгары баланың өз творчестволық қиялымен туғандықтан құнды болып есептеледі." Шындығында балалардың өмір сүрген ортасына байланысты алған әсерлері олардың шығармашылық шабытын оятумен қатар өзін қоршаған дүниенің танып білуіне мүмкіндіктің бәрі ойын арқылы іске асатыны күмән тудырмаса керек.

Басқа бір зерттеуші  Сөкен Сейфуллин өзі "Біздің ауылда барлық жерде өнді де, ертегіні естуге болатын. Кештер, ойын-сауықтар, айтыс жиі ұйымдастырылатын. Бала жастан осы әндер, айтыстар, ошақ қасында естіген осы ертегілер мен аңыздар менің санамда қалып қойды," - деп балалар ойындарын әндермен, айтыстармен байланыстыра қарастырады. Қазақ халқының өмірінде ойынсыз тірлік бітпеген тіпті көшіп қонуда да жастар аяғын ойынға айналдырып отырған. "Бүл елдің ескі бір салты бойышша, көші-көн кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жетім қалған үйлерді де тігіседі. Ең соңыңда отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып әкетеді" - деп жазған екен Ғабит Мүсрепов "Ұлпан" повесіңде.

XIX ғасырдың  бірінші жартысында казақ даласын  Сібірге жер аударылған поляк  А.Янушкевич өзінің жазып жүрген  күнделіктерінде қазақтың ойын сауығының халықтық тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен қоршаған ортамен астасып жатқанын таң-тамаша еткенін сөз етеді. "Кешкісін біздің үйде бір қызық болды. Ол әр түрлі аңдар мен құстардың, әсіресе, түйенің, құланның, бүркітгің дауысын айнытпай салады. Бұны одан артық айнытпай салу ешкімнің қолынан келмейді." - деп таң-тамаша болған.

Жаңылтпаш ойыны. Бүл ойыңды әуелде тілінің мүкісі бар, әр әріпті, дыбысты дұрыс айта алмайтын балалар үшін пайдаланған халық педагогикасының бір саласы. Кішкене кезіңце "р"-дың орнына "и" дыбысын ауыстырып айтуға байланыты халық үні, әуені әдемі, өлеңдетіп:

 

Дегеңде, ей, Тайқарбай, өй, Тайқарбай,

Қойынды мол  жусанға жай, Тайқарбай,

Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,

Әй, Тайқарбай, дегенің қай Тайқарбай?

 

- деп балаларға әр дыбысты өз орындарында айтуға дағдыландыру арқылы тіл мүкісін түзетуге көмектескен - ойын түрі. Халық ойнатып отырып, ойланып сөйлеуге баулыған.

"Соқыр  теке" ойыны. Оның шарты қатысулардың әр қайсысына мал аты қойылады. Ең соңғы аталған бала "Тентек теке" болады:

 

Бұзау, бота, құлыншақ

Тоқты, серке, тай  торпақ,

Тана, тайлақ, құнан, дөнен, бесті бар.

Малдың жасын  айыра біл, естіп ал,

Бұқа, бура, айғыр, қошқар, теке бар

Сүзегенсің, тентек теке, жеке қал.

Көзін байла, теке-теке "бақ-бақ"

Соқыр теке қайдан бізді таппақ.

 

Ойын үлкен  шеңбер ішінде ойналады. Ойынды бастаушы "Тентек текені" көзін байлап, ортаға шығарып: «ал ойын басталды»  дегеңде, "Тентек теке" былай дейді:

 

Қараңғыда көзім  жоқ

Тиіп кетсем сөзім жоқ,

Маған жақын  келіңдер,

Бір қыз ұстап  беріндер!

 

Балалар көзі байлаулы "Соқыр текені" мазақгап өлеңдетіп:

 

Соқыр, соқыр, соқырақ,

Оң көзіне топырақ

Топырағын алатын,

Тотияйын салатын.

Ал үстап  көр, батырым,

Міне, келе жатырмын! -

деп әр жаққа  қашады. Ары қарай оиын жалғаса  береді.

Сәбит Мұқанов өзінің "Өмір мектебіңде" кейбір ойын-түрлері жайлы былай деп баяндаған екен: "Хан" деген сөзді мен кішкене күнімнен білем. Ауылдың баласы есін білер-білмес кезде, асық ойнай бастайды. Асықтың да "ханы" болады. Ол - өрі оңқай, әрі қошқар сияқты үлкен қойдың асығы. "Хаңды" балалар қынаға бояйды. Асық ойынының бір түрі: ойынға қатынасатын балалар сан мөлшерін бірдей ғып асық шығарады да ұтысады. Ұтыстың тәртібі: әуелі ойынға қатынасатын балалар "ханды" жағалай иіріп шығады да, кім алшы түсірсе, ойынды сол бастайды. Ойын бастаған бала, балалардың ойынға салатын асықтарын жерге шашып жібереді. Тәртіп: бүкті бүкпен ғана, шікті шікпен ғана, тәйкені тәйкемен ғана, алшыны алшымен ғана, шомпыны шомпымен ғана ату, және бір ғана үсік саусағымен ату... Бала ең алдымен "ханды" атып алады. Атқан асығына тигізе алмаса, екінші балаға кезек береді... Асықты алғаш шашқанда, "хан" алшы түссе, "хан таламақай" болады, онысы - шашылған асықты үлгергенше талап алу... Бүл "таламақай" да, әр бала колына "ханды" түсіруге тырысады...

"Хан" ойынының бұл - бір түрі. Екінші түрі, балалар түнде жиналады да, екіге бөлініп, әр топ орталарынан бір баланы "хан" сайлайды. Екі "ханды" арасы алшақ екі жерге отырғызып, ол араны "орда" деп атайды. Аржағындағы тәртіп "Ақ сүйек" ойнау. Онысы - екі топтан бір бала шығу керек те, даярлап қойған малдың қу сүйегін (әдетте ол жілік болуы керек) алыска апарып лактырып келуі керек. Сол сүйекті балалар іздеп, тапқан бала, өз "ордасына" алып кашу керек. Ол баланы өзге балалар куғанда, қашқан баланың жақтастары, екінші топтың балаларына сүйекті бермеуге тырысып, қай жүйрігі кағып әкете береді. Жеткен балаға, қай топтың баласы болса да, сүйекті карсыласпай береді.. Сүйек келген "орда" жеңген жақ болады. Жеңілген жақ айыпқа бала береді. Мақсат - баланы көп ұту. Егер бір "орда" балаларын түгел ұтқызса, ол "орданың ханын" балалар түйе-бас қылады.

"Хан" ойынының  үшінші түрі, қыз-бозбала жиналғанда "хан жақсы ма?" ойнайды, оның  тәртібі: ойынды басқаратын "хан"  мен "ханша" жөне "уәзір"  сайланады. (Әдетте "хан үйленген" жігітпен, "ханша" келіншектен болады. "Уәзір" қай жігіт болса да мейлі.) Ойынды баскаратын "ханның" бұйрығы бойынша, бір қыз, бір жігітпен араласа отырады. Хан жігіттерді кезекпен

шақырып, әртүрлі  өлендер айтқызады.) Хан бұйыратын  өлеңнің барлық саны 24 ауыз және жігіттер бірін-бірі қайталамай, тыңнан өлендер табуы керек... Осы бұйрықты орындап шықкан жігітке "ханның" берер сыйы - тандаған кызының касына отырғызу. Бұйрықты орындай алмаған жігіт өзінің отырған орнынан айрылып қалады. Қу "хандар", өленді ақшамен де, немесе орамал, айна, тарақ, кисет сияқты заттармен де өтетеді. Бірақ борышын олай өтеген жігіт, тек орнынан ғана айрылмайды, сүйгенінің олай өтеген жігіт, тек орнынан ғана айрылмайды, сүйгенінің қасына отыра алмайды. Ойын осы тәртіппен өткеннен кейін, "уәзір" ойынға қатынасушылардан "хан жақсы ма?" деп сүрайды. Әдетте жастар ойынды "ханды" мазақтаумен аяқтайды. Балалардың да, жастардың да осылар сияқты "хан" сайлайтын шағымызда талайлардан естідік те, естігеңдерімізді озгелерге де айттык, Солардың ішінде қылығына қарай жақсы көрген де, жек көрген де "хандарымыз" болады...- дейді.

 

Дереккөзі:

 

З.ӘБІЛОВА, Қ.ҚАЛИЕВА

ЭТНОПЕДАГОГИКА ОҚУЛЫҒЫ

АЛМАТЫ 1999

 

 

 

 

 

ҚР БІЛІМ  ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

МАГИСТРАТУРА  ЖӘНЕ РһD ДОКТОРАНТУРА ИНСТИТУТЫ

 

 

 

 

 

 

 

Информация о работе Ұлттық тәрбие