Ақжайықтың ауыл шаруашылығы
Ақжайық өңірінде әуелден мал
мен егін шаруашылығы қатар дамыған. Ауыл
шаруашылығы Кеңес дәуірінде де облыс
экономикасының негізін құрады. Тоқсаныншы
жылдардың тоқырау кезеңі, әсіресе, ауыл
шаруашылығына ауыр тиді. Аласапыран уақытта
жаппай жекешелендіру басталып, колхоз-совхоздар
түгел тарады. Нәтижесінде өңіріміздегі
мал басы мен егін алқабының көлемі едәуір
азайып кетті. Тәуелсіздік алып, егеменді
ел атанғаннан кейін ауыл шаруашылығын
дамыту қайта қолға алына бастады. Бүгінде
бұрынғы колхоз-совхоздардың орнына жеке
шаруа қожалықтары пайда болып, өрісіміз
малға қайта тола бастады. Мысалы, бүгінгі
таңда облысымыздағы ірі қара саны 430 000-ды
құраса, қой-ешкілер 850 000-ға, құстар 974 000-ға
жетті.
Егін алқабына да жан бітіп,
дәнді дақылдар егіле бастады. Егінмен
айналысатын ауылдарда 1991 жылға дейін
дәнді дақылдар 1 миллион 524 мың гектар
жерге отырғызылып, одан 1 миллион 106 тоннаға
дейін өнім алынатын. Сол кездері егін
алқабының жалпы көлемі 1 миллион 972 мың
гектарды құраса, қазіргі таңда оның көлемі
– 615 000 гектар. Биыл облысымызда дәнді
дақылдар 394 000 гектар жерге егілді. Мамандардың
айтуынша, жиын-терін қалыпты өткен жағдайда
бұл жерден 386 000 тоннаға жуық өнім алынбақ.
Елбасы алға қойған басты
міндеттердің бірі – Қазақстанның ауыл
шаруашылығы саласын дамытып, сол арқылы
азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыру. Ол
үшін ауыл шаруашылығының өнім беру қабілетін
2014 жылы екі есе, 2020 жылға таман төрт есе
арттыру міндеті қойылды. Бүгінгі таңда
мемлекеттің қолдауымен еліміздің аграрлық
саласында бірқатар ірі инвестициялық
жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі —
өсімдік майын шығаратын зауыт. Облыс
әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының бастамасымен
қысқа уақытта салынып пайдалануға берілген
зауыт жылына 7,5 мың тонна май шығаратын
қуатқа ие. Зауыт толық қуатына енген кезде
облысқа қажетті 4,5 мың тонна майды еркін
шығарып, қалған үш мың тоннаны көрші облыстарға
экспорттай алады. Облыс биыл майлы дақылдарды
70 мың гектарға жуық алқапқа орналастырды.
Болашақта олардың көлемі 100 мың гектарға
дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Сондай-ақ, «Бюллер» технологиясы
негізінде тұрғызылған диірмен де ірі
жобалардың бірі. Ол тәулігіне 150 тонна
ұн шығарады. Жаңа технологиямен жұмыс
істеуге көшкен ақжайықтықтар көкөніс,
бау – бақша егістігінде де жоғары көрсеткіштерге
қол жеткізді. Биыл 253 гектарға егілген
картоп пен көкөніс тамшылата суару әдісін
қолданудың нәтижесінде мол өнім берді.
Сондай-ақ, шаруалар «Қазагроқаржы» АҚ
арқылы әбден ескерген техникала-рын жаңартуға
мүмкіндік алды. Өңірімізде көкөніс өсіретін
отыздан аса жылыжай жұмыс істеп тұр. Бүгінгі
таңда жылыжайдан 43 мың тонна өнім жиналуда.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге
асырылған ірі жобалар қатарына «Ақас»
ШҚ тауарлы сүт фермасы мен Зеленов ауданындағы
8640 басқа есептелген мал бордақылау кешенін
жатқызуға болады. Облыста биыл жылына
бес мың тонна құс етін өндіретін фабрика
салынбақшы. Бұл, бір жағынан, өңірімізге
жан-жақтан келетін құс етінің импортын
тоқтатады, екіншіден, отандық кәсіпкерліктің
дамуына жол ашады. Бұдан өзге 12 мың басқа
есептелген шошқа бордақылау кешенінің
жобасы да таяу арада жүзеге аспақ.
Сондай-ақ, облысымызда мал
соятын орындарды салу, мал дәрігерлік
қызмет-терді жолға қою жұмысы да жанданып
келеді. Мысалы, өткен жылы «Жайық ет»
кәсіпорны халал стандартына сай ірі қара,
жылқы малын соятын, жалпы құны 240 млн.
теңгенің жобасын іске қосты. «Кублей»
ЖШС жылына 25 млн. дана ет қалбырларын
шығарады. Бұл еліміз бойынша шығарылып
жатқан осы өнімнің жартысынан артық.
Газ әр бір ауылға
жеткізілмек
Облыс басшылығы қызметінің
негізгі басым бағыттарының бірі
– ауылдық елді мекендерді табиғи газбен
қамту мәселесі. Бұл бағыттағы ең басты
жоба – Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қарашығанақ-Орал»
газ құбырының құрылысы толық аяқталды.
Бүгінде барлық аудан орталықтары табиғи
газ желісіне қосылған.
Облыс елді мекендерін газдандырудың
2006-2008 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы
қолға алынғаннан кейін, облыстық бюджеттен
2006 жылы 290,7 млн. теңге, 2007 жылы 291,3 млн.
қаражат бөлінді. Осы екі жылда
20 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.
Ал осы мезгілдегі елді мекендердің газбен
қамтылуы 27 пайызды ғана құраған еді. Облыс
басшылығы 2008 жылдан бастап елді мекендерді
газдандыру жұмысын қолға алды. Өткен
жылы жалпы ұзындығы 545,9 шақырымдық газ
құбырының құрылысы үшін
41414,74 млн. теңге қаражат
жұмсалған. Аталған қомақты қаржыны
толықтай игерудің нәтижесінде
жалпы тұрғыны 22,6 мыңнан асатын 19 ауыл-аймаққа
газ жеткізілді. Қарашығанақ-Орал газ
құбыры екінші кезеңінің іске қосылуы
нәтижесінде Теректі, Сырым және Қаратөбе
аудандары тұрғындарының қолы көгілдір
отынға жетті.
Табиғи газға қосылатын елді
мекендер саны биыл да арта түспек. Ақжайық
ауданының Жанама, Жәнібектің Ағоба, Теректінің
Сарыөмір, Алғабас, Бөкей ордасының Бисен,
Үштерек ауылдарына, сондай-ақ, Бөрілі
ауданының оңтүстік бөлігіндегі бірқатар
елді мекендерге құбырлар тартылуда. Нақты
жоспарланған 5 жоба іске қосылғанда, 213,616
шақырымды құрамақ. Нәтижесінде 11 елді
мекен тұрғындары көгілдір отын қызығын
көрмек.
Энергетикалық тәуелсіздікке
ұмтылуда
Кеңес Одағы кезінде Батыс
Қазақстан облысы Қазақстанның бірыңғай
электр жүйесінен оқшау қалып, кәсіпорындары
мен тұрғындар Ресейден тасымалданатын
электр энергиясына тәуелді болды.
2001 жылы Қарашығанақ кен
орнында қуаты 160 МВт болатын
газтурбиналық электр стансасы
іске қосылды. Оның 120 МВт-ты кеніштің
ішкі қажетіне пайдаланылса, 40 МВт қуат
облыс тұтынушыларына берілді. 2006 жылы
«Орал жылу электр орталығы» алаңында
қуаттылығы 28,9 МВт құрайтын газтурбиналық
қондырғысы қондырылды. Жоғарыда аталған
екі қондырғы арқылы облыстың энергетика
импорты 20 пайызға дейін төмендеді.
Энергетикаға жұмсалатын шығын
көлемін азайту мақсатында 2010 жылы Оралда
қуаттылығы 54 МВт құрайтын газтурбиналық
электр стансасының екі турбинасы, ал
2011 жылы үшінші турбинасы іске қосылды.
Бұлардың әрқайсысының экономикалық қуаты
16 МВт құрайды. Сонымен қатар Чинарев кенішінде
өндірістік қажеттілікті қамтамасыз ететін
қуаттылығы 15 МВт газтурбиналық қондырғылардың
құрылыс жұмысы аяқталуда.
Сөйтіп, ұзаққа созылған жоспарлы
жұмыстың нәтижесінде Батыс Қазақстан
облысы энергетикалық тәуелсіздікке қол
жеткізді деуге болады.
Жүзеге асқан жаңа жобалар
Биыл облысымызда жалпы
құны 2 миллиард теңге болатын сегіз
жоба іске қосылады. Қазірдің өзінде «Орал
сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның полиэтилен
трубалары, «Қазмұнайгазжабдық» ЖШС-ның
турбиналық және сорғы қалақшалары өндірісі
жобалары жолға қойылды. Сондай-ақ, «Арктур»
ЖШС-ның «Қолданылған мотор майы мен резеңке
бұйымдарын қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыру»,
«Қазармапром» ЖШС-ның «Шойын бұйымдарын
өндіру орнын жаңарту» (І кезең), «Родник»
ЖШС-ның «Кондитер өндірісі» мен «Свит»
ЖШС-ның «Ұннан жасалған кондитер өнімдері
өндірісі» жобалары жүзеге асырылуда.
Жыл аяғына таман «МАЗ» автокөлігі негізінде
бірлескен арнайы автотехника өндірісін
ұйымдастыру, «12 мың басқа арналған шошқа
фермасы» жобалары қолға алынбақ. Келесі
жылға ауысатын жобалар да бар. Олардың
қатарында балқыту-прокат цехын ұйымдастыру,
төзімділігі жоғары әйнек өндірісі секілді
жаңа өндірістерді жолға қою қарастырылған.
2012 жылы жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын
төрт жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Өткен жылы жүзеге асырылған жобалардың
ішіндегі ең озығы – «Оралагрореммаш»
кәсіпорнындағы ыстықтай мырыштау цехы.
Итальяндық «Бизоль» технологиясына негізделген
мұндай өндіріс цехы еліміздің өзге өңірлерінде
әзірге жоқ.
Егеменді ел атанғаннан кейін
қолға алынған келелі істердің бірі
— шағын және орта бизнесті дамыту ісі
болды. Батыс Қазақстан облысында соңғы
кездері 34,3 мың шағын бизнес субъектісі
тіркеліп, 103, 9 млрд. теңгенің өнісін өндірді.
63,8 мың адамды жұмыспен қамтыған шағын
кәсіпорындар облыс экономикасының көтерілуіне
себепші болды.
Жаңарған білім саласы
Өткен 20 жылдың тек соңғы
он жылының өзінде облыстың білім беру
бюджеті 6 есеге өсті. 2001 жылы 5,1 млрд. теңгені
құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 30,5 млрд.
теңгеге жетті.
Соңғы он жылда 40 жаңа білім
беру нысаны салынып, жас ұрпақ игілігіне
берілді. Осы жылдар ішінде 203 білім беру
нысанын күрделі жөндеуден өткізу үшін
13,6 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Облыстың
биылғы білім беру бюджеті 31 млрд. 900 млн.
теңгені құрайды. Тасқала ауданының Тасқала
ауылында 100 орындық интернаты мен 300 орындық
мектеп пайдалануға берілмек. Орал қаласында
Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің
120 орындық интернатымен 600 орындық мектеп
құрылысы, Самал шағын ауданында 320 орындық
балабақша, республикалық бюджет есебінен
3 балабақша (Сайқын, Қызылтал, Подстепный
ауылдарында) құрылысы жүргізілуде. Көктемдегі
тасқын зардабын жою мақсатында Зеленов
ауданының Асан ауылында 230 орындық мектеп,
қаламыздың 5-шағын ауданында 1200 орындық
мектеп және 290 орындық екі балабақшаның
ғимараттары тұрғызылуда. Су тасқынынан
зардап шеккен 14 білім беру нысанына күрделі
жөндеу жүргізілуде. Бұл істе ҚР Білім
және ғылым министрлігінің қолдауымен
1 млрд. 170 млн. теңге бөлінді.
Облыс көлемінде мемлекеттік
тілдегі мектептер мен балабақшалар
саны күрт көбейді. Мысалы, бүгінгі
таңда облысымызда барлығы 417 орта
мектеп болса, оның 277-сі балаларға мемлекеттік
тілде білім береді. 88746 оқушының
60000-ы қазақша оқиды. Ал 134 балабақшаның
110-ы бүлдіршіндерді таза қазақ тілінде,
ұлттық рухта тәрбиелейді.
Облысымызда мектепке дейінгі
453 мекеме бар. Оның ішінде 134 балабақша,
37 мектеп-балабақша кешені, 282 шағын орталық,
2 жеке шағын орталық қызмет жасайды. Қазіргі
таңда облыс бойынша 11 мыңнан, қала бойынша
10 мыңнан астам бала балабақша кезегінде
тұр.
Елбасымыздың арнайы тапсырмасы
бойынша құрылып жатқан «Жас қыран»,
«Жас ұлан» балалар ұйымдарына оқушылар
көптеп тартылуда.
Ауылда жұмыс істейтін
мұғалімдерді қолдап, биыл 141 жас маманға
көтерме ақы төленді. 18 жас маманға
тұрғын үй алуға несие берілді. Н.Назарбаев
атындағы зияткерлік мектебіне 7,8,9 сынып
оқушыларынан құжат қабылдау басталды.
Денсаулыққа ден қойылған
2005 жылы жалпы сомасы 258,7
миллион теңгеге фельдшер-акушерлік
пункт-тердің материалдық-техникалық
базасы нығайтылды.
«2004-2010 жылдары ҚР ауылдық
аумақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын»
және «2005-2010 жылдары ҚР денсаулық сақтау
саласын реформалау және дамытудың мемлекеттік
бағдарламасын» жүзеге асыруда облыста
аймақтық бағдарламалар қабылданды. Осы
бағдарламаға сәйкес, республикалық бюджеттен
8050,4 миллион теңге және облыстан 402,0 миллион
теңге қаражат бөлініп, облыста 58 денсаулық
сақтау нысаны салынды. Сондай-ақ, 6166,7
миллион теңгеге 238 нысан жөнделіп, 5772,0
миллион теңгеге медициналық жабдықтар
сатып алынды. Туу көрсеткіші облысымызда
1000 тұрғынға шаққанда 1997 жылы 14,0 пайыз
болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 19,6 пайызға,
ал 2011 жылдың 7 айында 10,9-ға өсті. Медициналық
қызмет сапасының артуы нәтижесінде ана
мен бала өлімі азайды. Диагностикалау
және тиімді емдеу мақсатында иммуногистохимиялық
зертхана іске қосылып, облыс пациенттерін
емдеуде химиотерапияның заманауи стандарттары
– таргентті препараттар қолданыла бастады.
Сондай-ақ, туберкулезбен сырқаттану 104,8-ден
95,7-ге дейін төмендеп, 2011 жылы бұл көрсеткіш
59,5 –ті құрады.
«100 мектеп, 100 аурухана құрылысы»
жобасын жүзеге асыру шеңберінде
облыста 6 денсаулық сақтау нысанының
құрылысы аяқталды. 200 төсектік көп бейінді
облыстық балалар ауруханасы, 150 төсек-орындық
облыстық онкологиялық диспансер, ауысымына
500 келушіні қабылдау мүмкіндігі бар емхана,
Ақжайық пен Переметный ауылдарындағы
100 және 120 төсек-орындық аудандық ауруханалар
және Чапаев ауылындағы ауысымына 250 науқасты
қабылдайтын аудандық емхана құрылысын
жүргізу үшін барлығы 18,9 миллиард теңге
қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, облыс бойынша
196 күндізгі стационар ұйымдастырылды.
Орта буынды медицина қызметкерлерінің
жалақысы 40 пайызға, ал облыстық клиника
дәрігерлерінің еңбекақысы 50 пайызға
дейін өсті. «Дипломмен ауылға» шарасы
бойынша ауылдық жерде жұмыс істеуге ниеттенген
мамандарға баспана беріліп, оларға барлық
жағдай жасалды.
Облыстағы
діни ахуал
Облыс бойынша қазіргі
таңда барлығы 80 діни бірлестік тіркелген.
Облыс аумағында 51 діни нысан орналасқан,
соның 38-і мұсылман мешіттері, 12-і православ
храмдары және 1 католик шіркеуі. Басқа
діни бірлестіктер өкілдері сиынуларын
тұрғын үйге арналған ғимараттарда өткізеді.
Бүгінгі таңда облыс аумағында алыс және
жақын шетелден келген 5 миссионер, 1 волонтер,
2 сестра-монашка тіркеліп, Орал қаласының
аумағында миссионерлік қызмет жүргізуде.
Жоғарыда аталған діни миссионерлердің
атқарып жатқан қызметтері әрдайым діни
істер департаменті және ішкі саясат басқармасының
басты назарында, олардың діни шараларының
бағытын бақылау үшін тиісті мониторингтер
жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі
жанындағы діни бірлестіктермен
байланыстар жөніндегі Кеңестің
құрамына өзгеріс-тер енгізіліп, БҚО
әкімдігінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі №53 қаулысымен
бекітілді. БҚО ішкі саясат басқармасының
2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық
жоспарының шеңберінде теріс пиғылды
діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға
көмек көрсету үшін «Жайық» деструктивтік
діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек
орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын
жандандыру мақсатында облыстық бюджеттен
2 850 000 теңге қаржы бөлінді. Осыған орай,
басқарманың қолдауымен «Жайық» орталығы
өз жұмысын тиімді атқаруда. Бүгінгі таңда
зардап шеккендер тарапынан 81 адам орталықтың
психологынан арнайы кеңес алды.
Құрылыс та қарқынды дамуда
«Баспана – жастарға»
атты жоба аясында бес жылдың ішінде
200-дей жас отбасын баспанамен
қамтамасыз етіп үлгерген жергілікті
билік өкілдері аталмыш жобаның тиімділігін
дәлелдеді.
Жақында ғана жетінші шағын
ауданда бой көтерген үйдің пәтерлері
2006, 2007, 2008 жылдары жинақтау шоттарын ашып,
ақша жинаған салымшыларға тиесілі. Мұндай
салымшылардың саны шамамен 200-дей. Мамандардың
айтуынша, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс
жинақ банкі» АҚ арқылы жүргізілетін тұрғын
үй құрылысы алдағы уақытта да жалғасын
таппақ.
Тасқын судан зардап шеккендерге
Зеленов ауданында - 92, Тасқала ауданында
– 72, Орал қаласында 500 отбасыға арналып,
үш ай мерзімде жаңа үйлер салынды.
Өткен жылы барлық қаржыландыру
көздері есебінен 207,4 мың шаршы
метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2009 жылғы
деңгейден 9,7%-ға көп. Екінші рет облыста
қысқа мерзім ішінде соғыс және еңбек
ардагерлеріне, мүгедектерге, батыр-аналарға,
Ауған соғысының ардагерлеріне, жетім
балалар үйінің түлектеріне арналған
240 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. |