Паразитті тіршілік ететін қарапайымдылар

Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Февраля 2013 в 17:39, реферат

Краткое описание

Споралылар буылтық құрттардың, моллюскалардың, буынаяқтылардың, омыртқалы жануарлардың және адамдардың ішегінде, дене қуысында, қан клеткаларында паразиттік тіршілік ететін бір клеткалы қарапайым жәндіктер. Паразиттік тіршіліктің әсерінен ас қорыту, жиырылғыш вакуольдері жойылған, қоректік заттарды бүкіл денесі арқылы сіңіріп алады, ешқандай қозғалыс органоидтары болмайды, тек жынысты клеткаларында – микрогаметаларында – талшығы болады.

Файлы: 1 файл

Қарапайымдылар.doc

— 76.00 Кб (Скачать)

 

Паразитті тіршілік ететін қарапайымдылар

 

Жоспар:

 

Споралылар типі - Sporozoa

Книдоспоридиялар типі –  Cnidosporidia

Микроспородиялар типі –  Microsporidia

 

Кілт сөздер: паразиттер,споралылар , книдоспоридиялар, микроспородиялар, шизогония, гаметогония, споробластар, ооциста, спорозоиттар

 

Паразитті тіршілік ететін қарапайымдыларға үш типті жатқызамыз ,олар: споралылар , книдоспоридиялар, микроспородиялар типітері болып табылады.

 

Споралылар типі -  Sporozoa

Споралылар буылтық құрттардың, моллюскалардың, буынаяқтылардың, омыртқалы жануарлардың және адамдардың ішегінде, дене қуысында, қан клеткаларында паразиттік тіршілік ететін бір клеткалы қарапайым жәндіктер. Паразиттік тіршіліктің әсерінен ас қорыту, жиырылғыш вакуольдері жойылған, қоректік заттарды бүкіл денесі арқылы сіңіріп алады, ешқандай қозғалыс органоидтары болмайды, тек жынысты клеткаларында – микрогаметаларында – талшығы болады.  
Споралылар жыныссыз, жынысты және спорогония жолымен көбейеді. Жыныссыз көбеюі ядроның көпке бөлінуі арқылы жүзеге асады, бұны шизогония процесі деп атайды, нәтижесінде мерозоиттар деп аталатын жас особьтар шығады. Жынысты жолы – гаметогония деп аталатын, гаметалардың пайда болуы. Копуляция нәтижесінде түзілген зигота қалың қабықшамен қапталынып ооцистаға айналады. Осыдан спорогония кезеңі басталады. Ооцистаның ішінде, спорогонияның нәтижесінде, ең алдымен споробластар – бұлардан майда спорозоиттар пайда болады және олар споралардың ішінде орналасады.  
 
Споралылар типі екі класқа бөлінеді: Грегариналар – Gregarinina және кокцидиятәрізділер – Coccidiomorpha.  
 
Грегариналар класы- Gregarinina

 
Грегариналар омыртқасыз жануарлардың паразиттері, әсіресе олар насекомдарда көп кездеседі. Бір ядролы сопақша  келген денесінің ұзындығы 10-15 мкм-нан  бірнеше миллиметрге дейін жетеді. Цитоплазмасы екіге бөлінеді: эктоплазма және эндоплазмаға. Эктоплазмасында ұзына бойы және көлденең жатқан фибриллалары (мионем жіпшелері) кездеседі. Сол фибриллалардың қысқаруы нәтижесінде грегариналар өз еркімен қозғалады. Басқалары алға қарай сырғуы арқылы жылжиды немесе мүлде жылжымай бір жерге жабысып тұрады. Бұл класқа нағыз грегариналар отряды жатады.  
Нағыз грегариналар отряды – Eugregarinida  
Бұл отрядтың өкілдері буынаяқтылардың ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Денесі сопақтау, ұзындау, сыртын қалың қабықша – пелликула қаптап тұрады. Оның астында денесін бойлап эктоплазма жатады, ол плазмалық перделер түзеп, грегаринаның бір клеткалы денесін үш бөлікке бөліп тұрады. Бірінші – эпимерит, бұнда жіңішке ілмешектері не қармақшалары болады, солар арқылы грегарина ішек клеткаларына бекініп тұрады. Екінші – протомерит, цитоплазмаға толған, ядросыз бөлік. Үшінші – дейтомерит, ядро орналасқан үлкенірек болып келген бөлік.  

Грегариналар жынысты жолмен көбейеді. Екі грегарина бір-біріне, яғни біреуінің  протомериті екіншісінің дейтомеритіне жабысып, сизигия түзейді. Содан кейін әрқайсысының денесі жұмырланып, екеуінің төңірегінде қалың қабықша бөлініп шығады. Екі грегаринаның ядросы митоз жолымен бірнеше рет бөлініп, көптеген ядролар түзіледі. Бұл ядролар дененің шет жағына қарай жылжып, цитоплазмамен қапталынып, гаметаларға айналады. Алдыңғы грегаринадан макрогаметалар пайда болады, оны примит деп атайды, артқы грегаринадан микрогаметалар – ол сателлит. Гаметалар қосылып зигота құрайды. Әрбір зигота қалың қабықшаға оранып, ооцистаға айналады. Ооцистаның ішінде спорогония процесі өтеді. Ядро бөлініп 8 ядроға бастама береді. Бастапқы екі бөліну мейоз жолымен жүреді, 8 ядро түзілгеннен кейін, әрбір ядро цитоплазмамен қапталынып, ооцистаның ішінде спорозоиттар пайда болады. Спорогония процесі осылай бітеді. Ооцисталар ауру жануарлардың ішегінен сыртқа нәжіспен бірге шығып, ары қарай даму үшін басқа жануарлардың ішегіне түсуі керек. Онда ооцисталар ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, спорозоиттар шығып эпимерит бөлімі арқылы ішек клеткаларына бекініп өсе бастайды.

Кокцидия тәрізділер класы - Coccidiomorpha

   Бұл класқа өздігінше тіршілік ете алмайтын, тек қана клетканың ішінде паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар жатады. Денелері сопақша, домалақтау не доға сияқты болып келеді. Олар адамның, сүтқоректілердің, құстардың ішек клеткаларында, бауыр, бүйрек, қан клеткаларында кездеседі. Қан споралылардың және кокцидиялардың даму кезеңдері бір-біріне өте ұқсас, сондықтан бұл екеуін кокцидиятәрізділер класына жатқызады. Бұлардың көбеюінде кезектесіп жүретін үш кезеңді байқауға болады: шизогония (жыныссыз көбею) гаметогония (жынысты) және спорогония. 
 
   Көптеген кокцидиялардың бір ғана иесі болады, сондықтан спорогония кезеңі жартылай немесе толық сыртқы ортада жүреді (Eimeria magna). Басқаларының иесі екеу, жыныссыз көбеюі бір иесінде өтеді, ал жынысты көбею және спорогония кезеңі екіншісінде (Plasmodium vivax).

Бұл кластың негізгі екі отрядын атап кетуге болады: кокцидиялар отряды – Coccidiida және қан споралылар – Haemosporidia.

Кокцидиялар отряды – Coccidiida     

 Кокцидиялар қоянның, ірі қара малдың, үй жануарлары мен жабайы құстардың, насекомдардың ішек эпителий клеткаларында паразитті тіршілік етеді. Кокцидиоз ауруына адамдар да шалдығады. Кокцидиялардың денесі сопақша келген, алдыңғы жағы үшкір, артқы жағы доғал пішінді болады, бұларды зоит деп атайды (спорозоит, мерозоит). Зоиттың сырты үш мембраналы қабық – пелликуламен қапталынған. Оның астында түтікшелі фибрилдер болады, олар субпелликулярлы микротүтікшелер деп аталады. Пелликуламен бірге олар зоиттың қаңқасын құрайды.

Зоиттың денесінің алдыңғы жағында екі айрықша органоидтар орналасқан. Олар спираль тәрізді фибрилді – коноид және қапшық тәрізді іші сілекей затқа толған саны 2-ден 14-ке дейін – роптриялар. Осылар арқылы паразит иесінің клеткаларының ішіне кіреді. Роптриядан шыққан сұйық зат иесінің эпителий клетка мембранасын ерітеді де, ал коноид арқылы зоит бұранда арқылы клетканың ішіне кіреді. Кокцидияларда, клеткаларға ортақ бірқатар органоидтар болады – митохондриялар, Гольджи аппараты, эндоплазмалық торы, т.б.

Кокцидиялардың даму сатысы өте күрделі. Мысал ретінде қояндардың паразиті – эймерия (Eimeria) туысының даму сатысын қарастырайық. Эймерия кезектесіп тұратын шизогония, гаметогония және спорогония жолдарымен дамиды.

Оцисталар су және шөп арқылы қоянның  ішегіне түсіп, ооцистаның қабырғасы  ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінен 8 спорозоит шығады. Спорозоиттар ары  қарай даму үшін ішектің эпителий клеткасына ену керек. Коноид және роптриялар арқылы спорозоит клеткаға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлінеді. Сол ядролардың бөлінуін шизогония дейді. Бұл жыныссыз көбею кезеңі. Шизогония нәтижесінде пайда болған әрбір ядроның төңірегінде цитоплазма жиналып, олар ұсақ мерозоиттарға айналады. Мерозоиттар эпителий клетканы әбден зақымдап болғаннан кейін ішек қуысына шығады да, қайтадан жаңа клеткаларға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы көпке бөлініп шизогония арқылы тағы да мерозоиттар пайда болады. Шизогония бірнеше рет қайталанып, паразиттердің саны көбейеді.

Шизогониядан кейін  гаметогония кезеңі басталады. Бұл  кезеңде мерозоиттар гамонттарға  айналады, бұлардан гаметалар пайда  болады. Макрогамонттар бөлінбей өсіп, макрогаметаларға айналады, ал микрогамонттардың ядросы көпке бөлініп, цитоплазмамен қапталынып, екі талшығы бар майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар жылжып макрогаметалармен қосылады. Копуляция нәтижесінде пайда болған зигота сыртынан тығыз қабықпен қапталып, ооцистаға айналады. Ооцисталар қоянның нәжістерімен бірге сыртқа шығарылады. Сыртқы ортада ооцистаның ішінде спорогония кезеңі өтеді. Ооцистаның ішіндегі ядро екі рет бөлініп, төрт ядро пайда болады. Оларды цитоплазма қоршап, төрт споробласт деп аталатын клетка түзіледі. Әрбір споробласт арнайы қабықпен қапталынып, спораға айналады.

Әрбір спораның ядросы екіге  бөлініп – екі спорозоит түзіледі. Сөйтіп ооцистаның ішінде төрт спора  пайда болып, олардан 8 спорозоиттар түзіледі. Осындай ооцисталар сау қоянның ішегіне түскенде, оның қалың қабықшасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінднгі 8 спорозоиттар шығады да, иесінің ішек клеткаларында даму циклын бастайды.

Эймерия  (Eimeria) туысының толып жатқан түрлері адамды, жануарларды кокцидиоз деген ауруға шалдықтырады. Кокцидиоз – ішек ауруына душар етеді.

Қан споралылар отряды -  Haemosporidia

       Кең тараған паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар. Адамның, омыртқалы жануарлардың қан клеткаларында тіршілік етеді. Бұлардың кокцидиядан айырмашылығы спорогония кезеңі сыртқы ортада емес, қан сорғыш насекомдардың, яғни Anopheles туыстас масалардың ішегінде өтеді және масалар осы паразиттерді тасымалдаушылар болып табылады. 
 
Адамда Plazmodium туысының төрт түрі паразиттік тіршілік етеді: РІ. vivax, РІ. malariae, РІ. falciparum, РІ. ovale. Бұлардың дамуы бір-біріне өте ұқсас. РІ. vivax-тың даму сатысын қарастырайық.

Безгек масасы (Аnopheles туысынан) адамды шаққанда сілекеймен бірге адам қанына спорозоиттар түседі. Спорозоиттар өте майда 5-8 мкм, құрт тәрізді немесе орақ тәрізді. Олардың құрылысы кокцидиялардың зоит құрылысына өте ұқсас, тек коноиды болмайды. Қанға түскен спорозоиттар қан тамырлары арқылы бауырға жиналады. Осы жерде шизогония көбею кезеңі басталады. Әрбір спорозоит бауыр клеткасына еніп, жұмырланып шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, бұлардан мерозоиттар пайда болады. Осыдан кейін шизогония екі жерде жүреді: мерозоиттардың бір тобы қайтадан бауыр клеткаларына еніп, жұмырланып шизонтқа айналып, олардың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, көптеген мерозоиттар пайда болады, ал мерозоиттардың екінші тобы бауырдан қанға шығып эритроциттерге енеді, сол жерде жұмырланып шизонтқа айналады. 2-3 сағаттан кейін шизонтта вакуоль пайда болады, сол вакуоль әсерінен шизонттың денесі сақина тәрізді болып тұрады. Кейін вакуоль жойылып, шизонт өсіп, амеба тәрізді болады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп 10-20 мерозоиттар пайда болады. Бұлар эритроцитті зақымдап қанға шығады да, жаңа эритроциттерге енеді, содан шизогония кезеңі қайтадан басталады және бұл процесс бірнеше рет қайталанады. Сөйтіп, шизогония бауыр клеткасында және эритроциттерде өтеді. Шизогония кезінде адам қанындағы паразиттің саны артады, ал эритроциттердің саны азаяды. Сау адамның 1 мм3 қанында 5 млн эритроциттер болса, ал безгек аурумен ауырған кезде эритроциттердің саны азайып 1 мм3 қанында 1 млн-ға жақын эритроциттер қалады.

Шизогониядан кейін гаметогония  кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозоиттар  гамонттарға айналады. Гамонттар  екі түрлі болады: макрогамонттар немесе макрогаметоциталар пісіп-жетілмеген аналық жыныс клеткалары және микрогамонттар немесе микрогаметоциттер пісіп-жетілмеген аталық жыныс клеткалары.  Осыдан кейін әрі қарай даму дам қанында жүрмейді. Ендігі дамуы маса денесінде өтеді.

Анофелес (Anopheles) туысына жататын  безгек маса ауру адамның қанын сорған кезде оның ішегіне қанмен бірге  макро және микрогаметоциттер түседі. Масаның ішегіне макрогамонттар (макрогаметоциттер) пісіп-жетіліп макрогаметаға айналады, ал микрогамонттардың (микрогаметоциттер) ядросы көпке бөлініп, пісіп-жетіліп қозғалғыш майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар мен макрогаметалар қосылып зигота құрайды. Зигота қозғалғыш келеді, сондықтан оны оокинета деп атайды. Оокинета масаның ішек қабырғасына еніп қозғалуын тоқтатады да, сыртына тығыз қабықша шығарып ооцистаға айналады. Ооцистаның ішіндегі ядро бөлінеді, мұның саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін. Әрбір ядро жұқа цитоплазмамен қапталынып, мыңдаған (10000-ға дейін) спорозоиттар түзіледі. Ооцистаның көлемі өсіп, мыңдаған спорозоиттар пайда болғаннан кейін ооциста жарылады. Қозғалғыш спорозоиттар безгек масаның аралас қуысына түсіп, гемолимфа ағынымен сілекей бездеріне жиналады. Маса адамды шаққанда оның қанына сілекеймен бірге спорозоиттар да түседі. Даму циклы ары қарай жалғасады. Сонымен безгек плазмодиясының тіршілік циклы — өте күрделі және олар иесін алмастырып отырады, жыныссыз көбеюі адам қанында, ал жынысты көбеюі безгек масаның ішегінде өтеді. Плазмодияның негізгі иесі – безгек масасы, ал аралық иесі – адам.

Безгек плазмодиясы адамның  безгек ауруын қоздырушы. Безгекпен  ауырғанда безгек ұстауынан басқа  анемия (эритроциттердің азаюы) байқалады және плазмодиялар қан плазмасына улы өнімдерін бөледі. Ауру адамның безгегі әр 72 сағат, немесе 48, немесе 24 сағат сайын қайталанып отырады. Осы қайталануы плазмодияның өкіліне және шизогония мерзіміне байланысты.

Безгек ауруына қарсы шаралардың бірі – масалардың сан мөлшерін азайтуға қолайлы тәсілдерін қолдану, ауырған адамды дәрілермен емдеу.

 

Книдоспоридиялар типі –  Cnidosporidia

Книдоспоридиялардың барлығы дерлік паразиттер. Книдоспоридиялардың тіршілік циклы әрқашанда екі ядролы амеба тәрізді ұрықтан басталады.Тізілген споралары көп клеткалы. Книдоспоридиялар типіне екі класс жатады.Шырышты споралар немесе миксоспоридиялар – Myxosporidia және Актиномиксидиялар – Actinomyxidia.

Миксоспоридиялар класы - Myxosporidia

Шырышты  споралылардың 1000 жуық түрі белгілі,балықтардың,қосмекенділер мен бауырмен жорғалаушылардың паразиттері.Иесінің әр түрлі мүшелерін зақымдайды:терісін,бұлшықеттін,желбезегін,шеміршектерін,нерв жүйесін,өт жолдарын,қуығын.Бұлар тканьдік және қуыс арқылы паразиттері болып табылады.

Миксоспоридиялар- көп ядролы амеба  тәрізді плазмодиялар,мөлшері 10мкм-ден 2 см дейін.Ткань арасында тіршілік ететін миксоспородиялар диаметрі 1-2 см дейін жететін циста түзеді.Циста  паразиттің цитоплазмасына толған,ішінде көп ядролылары болады. Ядролар өзінің құрылымен атқаратын қызметінің ерекшелігіне қарай екі топқа                                                                           бөлінеді:

Вегетативті ядролар тіршілікке қажетті  зат алмасу,белокты синтездеу,өсу  т. б қызметтерін атқарады.

Ал генеративті ядролар көбею  процесіне қажетті екі спораларға бастама береді.Бұл күрделі процестің  басында генеративті ядролардың сыртын цитоплазма қаптайды,соның нәтижесінде  генеративті клеткалар қалыптасады.

 

Актиномиксидиялар класы - Actinomyxidia

Актиномиксидиялардың шырышты  споралылардан негізгі айырмашылығы – споралалары үш қақпақшалы,ішінде үш атқыш капсуласы және көптеген амеба тәрізді ұрықтары болады.Олар азқылтанды буылтық құрттардың және сепункулидтердің паразиттері.

Микроспородиялар типі – Microsporidia

Бұл типке 300-ге жуық түрлер жатады.Олар клетканың ішінде тіршілік ететін паразиттер.Көпшілігі  насекомдардың және басқа омыртқассыз  жануарлардың паразиті,аз ғана түрі балықтарда кездеседі.

Микроспородиялар типіне бір отряд  жатады:Микроспородия-Microsporidia отряды.

Мөлшері 4-6 мкм,өте сирек 10 мкм –ліктері де кездеседі.Микроспоридиялардың  миксоспоридиялардан айырмашылығы:спораларының құрылысы онша күрделі емес, атқыш  капсуласы болмайды,споралары бір  клеткалы,бұлар клетка ішінде болатын паразиттер.

Информация о работе Паразитті тіршілік ететін қарапайымдылар