Войти    Поиск   Связаться с нами

Балықтардың инфекциялық аурулары

Дата: 21 Февраля 2013 в 20:05
Автор: a*************@mail.ru
Тип: лекция
Скачать в ZIP (337.64 Кб)
Файлы: 1 файл
лекции по болезни рыб.docx (348.80 Кб)   —   ОткрытьСкачать

Жыныс жүйесі гермафродитті, жақсы дамыған. Аталық жыныс жүйесі – екі тұқым бездерінен тұрады. Олардан алға қарай бағытталған екі тұқым жолы шығып, кейін олар қосылып тұқым қапшығына айналады да, тұқым шығарғыш түтікпен шағылыс мүшесіне жалғасады. Аналық жыныс безі әрқашан біреу. Одан шығатын қысқа жұмыртқа жолы кеңейіп кішкене қапшықшаға – оотипке айналады. Кейде оотипті Мелис денешігі деп те атайды. Оотипке аналық жыныс жүйесінің көптеген жолдары жалғасады. Дененің екі бүйірінде жұмыртқаға қоректік затты беретін сарыуыз бездері орналасқан, сарыуыз бездерінің екі жолы денеден көлденең өтіп, оотипке жалғасады. Оотиптен әуелі артқа, одан кейін алға бұрылып, жыныс клоакасына ашылатын ұзын ширатылған түтік – жатын басталады. Жатын ұрықтанған және дамып келе жатқан жұмыртқаларға толы болады. Оотип тұқым қабылдағышпен және өзінің бір шетімен арқа жағына ашылатын қысқа “Лаулер“ түтігімен өзара байланысқан. Оотип ұсақ қабыршақты бездермен қоршалған. Трематодтардың кейбір өкілдерінде жыныс жүйелері айтылған схемадан бірқатар белгілері бойынша ерекше: жұмыртқа бездері кейде тарамдалмаған, аталық бездері жұп емес; жыныс клоакасы дененің артқы бөлімінде орналасқан т.б.

Жұмыртқа  аналық безінен, аналық жолы арқылы оотипке  түсіп, онда ұрықтанады. Ұрықтандыру  үшін сперматозоидтар шағылыс мүшесі арқылы әуелі жатынға, содан тұқым  қабылдағышқа, одан оотипке өтеді  де, жұмыртқаларды ұрықтандырады. “Лаулер” түтігі оотипте жиналып қалған ұрықтардың артық мөлшерін денеден шығару қызметін атқарады. Сарыуыз бездерінен оотипке  баратын жолдар арқылы қоректік затқа  толы сарыуыз клеткалары өтеді. Әрбір  ұрықтанған жұмыртқа осындай клеткалардың тобымен қоршалады. Сонан соң  оның сыртына жұмыртқа қабығы түзіледі. Жұмыртқа қабығы сарыуыз клеткаларында  болатын ерекше гранулдар арқылы түзіледі. Толық түзілген жұмыртқа жатынға түседі де, сол арқылы сыртқа қарай шығарылады.

Көбеюі  мен дамуы. Трематодтардың тіршілік циклі иесін және ұрпақ алмастыруға байланысты өте күрделі. Гермафродитті жыныстық жүйесі жетілген сорғыш немесе марита балықтардың ішегінде және басқа мүшелерінде паразиттік тіршілік етеді. Мысық немесе сібір қосезуі – Opisthorchis felineus. Иттің, мысықтың және адамның бауырында, өт жолдарында паразиттік тіршілік етеді. Олардың ұрықтанған жұмыртқалары өт жолы арқылы ішекке түседі. Әрі қарай даму үшін жұмыртқа суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі толқынды эпителимен жабылған личинка-мирацидий шығады. Мирацидидің екі көзшесі, ми ганглиясы және жұп протонефридиялары болады. Денесінің артқы бөлімінде ерекше ұрықтық клеткалар немесе партеногенетикалық жұмыртқалар жатады. Денесінің алдыңғы үштен бір бөлігінде, цитоплазмасы дәнді секретке толы үлкен без орналасады. Бұл бездің жолдары личинка денесінің алдыңғы бөліміндегі кішкене бұлшықетті тұмсықшаның ұшында ашылады. Бездің секреттері мирацидидің аралық иесіне енуге көмектеседі. Мирацидий қоректенбейді, эмбриональды даму кезіндегі жиналған гликоген қоры арқасында өмір сүреді. Бірқатар уақыт мирацидий суда еркін жүзіп жүреді. Өзінің ары қарай дамуы үшін ол аралық иесінің денесіне түсу керек. Көп жағдайда аралық иесі ұлулар болып келеді. Мирацидий тұмсықшасы арқылы ұлу денесіне еніп, оның ішкі мүшесіне өтеді. Ұлудың денесіне енуде личинка безінің секреттері көмектеседі. Мирацидий кірпікшелерін тастап, формасыз, қозғалмайтын қапшық тәрізді келесі личинка спороцистаға айналады. Бұл көбею қабілеті бар, жыныстық жүйесі жетілген сатысы. Спороцистаның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары әрбіреуі бөлініп, келесі – редия деп аталатын ұрпаққа айналады. Редия, спороцистадан қозғалғыштығымен және денесіндегі саңылауымен ерекше. Ол саңылау, редия ішіндегі партеногенетикалық жұмыртқалардан түзілген ұрықтардың жаңа ұрпағын шығару қызметін атқарады. Спороцисталар сияқты редияның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары бөлініп, редияның ішінде жаңа ұрпақ – церкариялар пайда болады. Церкария – гермафродитті особьтің личинкасы, оған көптеген белгілері де ұқсас: сорғыштары, тарамдалған ішегі, миы және зәр шығару жүйесі болады. Оның негізгі ерекшелігі – денесінің артқы бөлігінде ұзын, бұлшықетті, қозғалғыш құйрықшасының болуы. Трематодтардың кейбір түрлерінде церкарияның тағы да уақытша мүшелері болады: жұп көзшесі, өткізгіш бездері деп аталатын бір клеткалы бездер тобы, дененің алдыңғы жағында болатын үшкір ине немесе стилет. Церкариялар редия денесіндегі саңылаудан шығып, одан ұлу денесінен шығып, құйрығының қозғалысы арқасында суға еркін жүзіп кетеді. Мирацидия секілді олар қоректенбейді, денесіндегі қорек қоры арқасында өмір сүреді.

Церкария  балықтардың денесіне жабысып, терісіне еніп бұлшық еттеріне өтеді де, құйрығын тастап, циста түзеді. Циста ерекше бездерден бөлініп шығады. Бұл  саты метацеркария деп аталады. Метацеркария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі  тиіс. (адамның, мысықтың немесе иттің). Иесінің ішегінде циста қабаты еріп, қан тамырлары арқылы жас сорғыштар  жыныстық жетілетін орынына бауырдың өт жолдарына өтеді. Егер олардың  тіршілік циклдерінің дамуына жағдайлар  болмаса, олар өледі немесе толық  дамымай қалады. Мысалы, жұмыртқа суға түскенде суда ұлу болуы керек, әйтпесе, личинка мирацидий өледі. Қолайсыз факторлар көп болса да, паразиттер оларға бейімделе алады. Бейімделудің бір жолы – паразиттердің жұмыртқаны өте көп салуы. Турбелляриялардың  көпшілігінде жұмыртқа саны жүздеген болса, сорғыштарда мыңдаған және оңдаған  мыңға жетеді. Бұл құбылыс паразиттердің  жұмыртқаларының “көп болу заңы”  деп аталады.

Кейбір сорғыштардың еркін жүзетін церкарияларының  тіршілік циклының мынадай ерекшеліктері  болады. Сорғыштардың көпшілік түрінің  церкариялары екінші аралық иесінің  денесіне түсуі керек. Бұл көптеген жәндіктердің, мысалы, су насекомдарының, моллюскалардың, балықтардың, бақалардың личинкалары болуы мүмкін. Стилет арқылы церкария иесінің жамылғысын жаралап, сол жерге өткізгіш безінің  секреттерін құяды. Церкария құйрығы  мен стилетін тастап, жіңішке мөлдір қабатпен қапталады да циста түзейді. Сол күйі метацеркария деп аталады  және дамудың бұл сатысы тыныштық сатысы. Егер екінші аралық иесін қандай да бір ірі омыртқалы жануар қорек  етсе, метацеркарий оның ішегінде қабырғасынан босап, гермафродитті особъқа айналып, дамуын аяқтайды. Омыртқалы жануар соңғы иесі болып келеді.

Сонымен, сорғыштардың жоғарыда келтірілген даму циклдарында  ұрпақтарын ауыстырып отыру жолдары  байқалады, яғни бір ұрпақ ұрықтанған жұмыртқадан дамыса (мирацидиялар), келесі ұрпағы ұрықтанбаған жұмыртқадан (партеногенез жолымен) дамып, кезектесіп отырады. Осындай даму процесін –  гетерогония деп атайды. Сорғыштардың дамуына гетерогония тән.

Трематодтардың  физиологиясы. Трематодтардың тіршілік циклында тіршілік ету ортасы мен  паразиттік және еркін жүзетін сатыларының  алмасып отыруы байқалады. Мысалы, мирацидиялар – церкариялар суда жүзіп жүрсе, сонымен қатар спороциста, редия, мариталар паразиттік тіршілік етеді. Бұл ерекшеліктері олардың физиологиясына да әсер еткен. Трематодтардың әр түрлі  ұрпақтарының қоректенуі де әртүрлі. Омыртқалы  жануарлардың паразиттері – мариталар  өз иесінің ішегіндегі заттарымен немесе иесінің қанымен қоректенеді. Қоректену  қорыту процесінде – ішкі клеткалық  қорыту маңызды орын алады. Моллюска бауырының паразиті – редиялар, олар бауыр тканімен қоректенеді. Моллюска бауырында тіршілік ететін спороцисталардың қоректену әдісі ерекше. Бұл паразиттердің  ішегі болмағандықтан, иесінің бауыр  тканьдерін ерітетін ас қорыту ферменттерін дене жамылғысы арқылы бөліп шығарады. Қорытылған асты құрт бүкіл денесі арқылы сорып алады. Бұл процестің  ауқымын ұлғайтатын  тегументтің  көптеген цитоплазма өсінділері /микроворсинкалар/. Еркін /мирацидия мен церкариялар/ тіршілік ететін личинкалар эмбриональдік  даму кезінде жиналған қор затымен  қоректенеді. Қор затының молдығы  қанша болса, личинкалардың тіршілік ету ұзақтығы да сонша. Мысалы, сорғыштардың личинкасы – мирацидиц 48-60 сағат  қана өмір сүреді. Осы уақытта ол өз аралық иесін – ұлуды тауып, оның денесіне енуі тиіс.

Трематодтардың  тіршілік циклінің әр түрлі сатыларында  зат алмасу да сан алуан. Еркін  тіршілік ететін личинкалар суда еріген оттегіні бүкіл денесі арқылы сорып, тыныс алады. Трематодтардың паразиттік ұрпақтары мен ересек особьтарына  иесінің ішкі мүшелерінде оттегі өте аз болғандықтан, көбіне тіршілік етуі қолайсыз болады. Бұл жағдайларда  паразиттер анаэробты тыныс алу  жолына көшеді. Энергия қызметін гликоген атқарады. Гликогеннің анаэробты  ыдырауына байланысты күрделі биохимиялы айналымдар жүріп жатады. Бұл алмасу әдісі энергетикалық жағынан  тиімсіз болғандықтан гликогенді көп  қажет етеді. Соған қарамастан, паразиттер анаэробты процестер арқылы өмір сүре алады, себебі олар үшін иесінің  организмі – гликогеннің таусылмас  қоры.

Классификациясы. Сорғыштар класы екі класс  тармағына бөлінеді.

Дигенетикалық сорғыштар немесе қосезулер  класс тармағы – Digenea.

Бұлардың өкілдері екі сорғышымен, иелерін ауыстыруымен және ұрпақтары  кезектесіп, күрделі дамуымен ерекше. Класс тармағы көлемінде өте  көп түрлері дамуымен ерекше. Класс  тармағы көлемінде өте көп  түрлері балықтардың ішкі паразиттері. Олар Janguinicola, Diplostomum, Posthodiplostomum, Tetracotyle туысының өкілдері.

Балықтардан адамға, мысықтарға, иттерге  описторхоз деген ауру жұғады.

Мысық немесе сібір қосезуі – Opisthorchis felineus иттің, мысықтың және адамның бауырында, өт жолдарында паразиттік тіршілік етеді. Ұзындығы 8-13мм, ені – 1,2-2мм. Негізгі  ерекшелігі аталық бездері жапырақ  формалы болып, оның артқы дене бөлігінде  орналасуы (61 А – сурет). Сорғыштың  бірінші аралық иесі Bithynia leachi ұлуы, ал екіншісі – балықтар. Адамның  ауруға шалдығуы – метацеркариі бар  шала піскен шикі балықты жегеннен. Описторхис адамға патогенді әсер етеді, ал паразиттердің саны көп болса, өліммен аяқталуы мүмкін. Бір адамға 75000 табылғаны туралы деректер бар. Мысық сорғышы Сібірде Европаның  Шығыс және Оңтүстік аудандарында таралған. Описторхоз ауруына ұшыратады.

 

1.2 Цестодаларға жалпы сипаттама,  дамуы және систематикасы

Цестодалар тұщы суда және теңізде  мекендейтін балықтарда кең тараған. Таспа құрттар класының өкілдері сорғыштар мен моногенетикалық  құрттарға қарағанда паразиттік тіршілікке толығырақ бейімделген. Бұлар тек қана эндопаразиттік өмір сүреді, жұмыртқалары өте аз уақыт  сыртқы ортада бола алады, ересек кезінде  әртүрлі омыртқалы жануарлардың, адамның ішегінде тіршілік етсе, личинкалары  омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың ішкі мүшелерінде және дене қуысында тіршілік етеді. Түрлері 3000-н астам. Таспа құрттар жұқтыратын ауруларды  цестодоз деп атайды.

Құрылысы мен физиологиясы. Денесі барынша созылыңқы, арқа-құрсақ бағытында жалпайып келген, лента тәрізді, ұзындығы 1мм-ден 10-15м-ге дейін. Көбіне денелері проглотидтер деп аталатын жеке буындардан тұрады, ал проглотидтердің тізбегі стробила делінеді. Кейбір түрлерінің денесі тұтас бөлінбеген. Денесінің алдыңғы ұшында сколекс (skolex) депаталатын басы болады, одан бөлшектенбеген мойыны және бірқатар буындар (проглотидтер) тіркесіп созылып жатады. Олардың саны 2-4-тен бірнеше мыңға жетеді. Буындардың немесе проглотидтердің пішіні мойнынан қашықтаған сайын өзгере береді. Алдыңғы буындары қысқа, гермофродитті немесе пісіп жетілмеген буындар деп аталады, артқы жағындағы буындары ұзынырақ, жалпақтау – пісіп жетілген (ұрықтанған жұмыртқаға толы) буындар. Олар құрттың денесінен үзіліп нәжіспен бірге сыртқа шығарылып тұрады, ал үзілген буынның орнына келесі буындар жетіледі; себебі мойын бөлімінен үздіксіз жаңа буындар түзіліп, олар артқа қарай ығысып, пісіп жетіліп тұрады.

Басы немесе сколексі домалақ, сүйір, жалпақ пішінді болып келеді. Басы қадалып, жабысатын мүшелерімен  қаруланған, олар: бұлшықеттері бар  сорғыштар. Ботридиялар ерекше ұзын қысқыш аппараты, ботрия немесе сорып  қадалатын саңылау; тіркелгіш шұңқырлар; ілмек қармақшалар; тістер т.б.

Таспа құрттардың тері жабындысы трематодтар  мен моногенеяларға ұқсас болады, тек тегументтерінің сыртқы ядросыз  цитоплазмалық қабатының бетінде  көптеген кірпікшелі өсінділері болады. Кірпікшелі өсінділер – микротрихиялар деп аталады. Өте ұсақ, тек электронды микроскоп арқылы көрінеді, құрттың  қоректенуінде маңызды қызмет атқарады.

Базальді мембранасының астында  бұлшықет талшықтарының шумағынан  құрылған тері – бұлшықет қабы жатады. Оның ішінде сақина тәрізді және ұзына  бойы созылған бұлшықеттер қабаты, сонымен қатат арқа-құрсақ бұлшықеттері де орналасқан. Құрттар бұлшықеттерін  жиырып қозғалады. Таспа құрттардың паренхимасында едәуір көлемде гликогеннің  жиынтығы және шашыранды түрде орналасқан көмір қышқылды ізбест денешіктері  болады. Гликогеннің болуы, құрттардың анаэробты тыныс алатын жағдайда тіршілікке қажет энергияны бөлетіндігіне  байланысты. Ал өте ұсақ ізбесті  денешіктерінің құрылысы және атқаратын  қызметі толық анықталмаған, бірақ  оларды экскретті денешіктер деп  қарастырып, буферлік жүйенің қызметін атқарып, құрттарды қышқыл ортаның  зиянды әсерінен сақтайды деген болжамдар  бар.

Таспа құрттың тағы бір ерекшелігі – асқорыту жүйесі толығымен жойылған. Иесінің ортаңғы ішегінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты, қорытылған қоректік затты паразиттер сыртқы ядросыз  цитоплазмалық қабатының бетінде  орналасқан көптеген кірпікшелі өсінділер  – микротрихиялар арқылы сіңіреді.

Зәр шығару жүйесі – протонефридтялы. Денесінің бүйірі жағынан ұзына бойына созылған екі негізгі зәр шығару түтіктері өтеді. Түтік денесінің артқы жақ шетінен басталып, алдыңғы жаққа қарай бағытталады. Бас бөлімге жеткен түтік қайта кері бағытта артқа қарай жетіп, зәр шығару саңылауымен анықталады. Кері бағытталған екі түтік денесінің соңында бірігіп, жиырылғыш қуыспен аяқталады. Денесі буындалған құрттарда бүйірлік ұзына бойына созылған зәр шығару түтіктері әрбір буында көлденең түтікпен байланысып, сатылы түрде болады. Соңғы буындардың үзіліп түсуінің нәтижесінде жиырылғыш қуығы жоқ, бүйірлік түтіктер тікелей сыртқа қарай ашылады. Зәр шығару жүйесіндегі бүйірлі түтіктерден дене ішіне қарай көптеген түтікшелер тарап, олар бос ұшына жұлдыз тәрізді “кірпікше жалынды” терминальды клеткалармен аяқталады. Терминальды клеткалар арқылы жиналған несеп заттар түтікшелерге өтіп, негізгі түтіктер арқылы сыртқа шығарылады.

Қан айналу және тыныс алу жүйесі болмайды. Анаэробты жолмен тыныс алады.

Нер жүйесі, сезім мүшелері нашар дамыған. Орталық жүйке жүйесі жұп ми түйінінен тұрады. Бұл екі түйін бас бөлімінде орналасып, өзінен артқа қарай бірнеше жұп нерв бағаналарын тартады. Бағаналар өзара көлденең байланысып, ортогонды нерв жүйесін құрайды. Ерекше ждамыған екі бағана дененің бүйірінен өтіп, өзінен көптеген тармақтарды бөледі, олар өзара тұтасып тері асты нерв қабатын түзеді.

Сезім мүшелері денесінің беткі жағында сезу клеткалары түрінде шашырап таралған. Көп мөлшерде олар бас бөлімінде кездеседі.

Жыныс жүйесі  гермафродитті, құрылысы жағынан сорғыштарға ұқсас, бірақ таспа құрттарының әртүрлі топтарының жыныс мүшелерінің пішіні, орналасуы, саны жағынан әртүрлі болатыны байқалады (мыс, бірқатар түрлерінің жыныс тесігі құрсақ немесе арқа жағында ашылады, кейбір түрлерінің жыныс бездері біреу болса, екіншілерінде жүзден асады т.б.). Көпіршік пішінді аталық бездері паренхиманың арасында шашырап орналасады. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық жолы кеңейіп шағылыс (penis) мүшесіне айналып, буынның бір бөлігінде жыныс клоакасына еніп жатады.

Аналық мүшесі тарамдалған екі  аналық бездерінен құралып, аналық жолы арқылы оотипке ашылады. Оотиппке екінші жағынан сарыуыз безі де ашылады. Оотиптен екі канал шығады. Біреуі қынап, аналық жолымен қатар созылып  жыныс клоакасына ашылады, екіншісі буынның алдыңғы бөлігіне бағытталып тұйық бітетін жатын.

Жұмыртқа клеткалары аналық безінен  оотипке түсіп, осы жерде қынап  арқылы келетін сперматозоидтармен қосылып ұрықтанады да, сарыуыз және қабыршақпен қапталып, тұйық бітетін  атынға түскен жұмыртқалардың саны өте  көп, сондықтан  жатынның орталық  бөлімінен оң немесе сол жаққа  қарай жанама тармақтары тарап, жұмыртқаларға  толып жатады. Осылайша гермофродитті  буын “пісіп жетілген” буынға айналады. Денесінің соңғы жағындағы пісіп  жетілген буындар үзіліп иесінің  ішегінен сыртқы ортаға шығарылып тұрады.

Краткое описание
Ихтиопатология (грекше ichthys – балық, pathos – ауру, logos – ілім, ғылым) – балықтардың ауруларын, олардың пайда болу себептері мен даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
Ихтиопатология ғылымына патологиялық анатомия жатады, ол мүшелер мен ұлпалардың қалыпты жағдайының бұзылуын және патологиялық физиология, ауру организмінің функциональдық өзгерісін зерттейді.
Оглавление
содержание отсутствует